Қатты желдің салдарынан Жамбыл облысында газ құбыры құлап, көпір бұзылды

0
568

Желдің жылдамдығы 18-20 м/с, екпіні 43,5 м/с дейін жетті.


Қатты желдің салдарынан Жамбыл облысында газ құбыры құлап, көпір бұзылды

ERNUR.KZ. 17 шілде күні сағат 18.00-ден бастап Жамбыл облысының Қордай ауданында дауылды жел басталды. Желдің жылдамдығы 18-20 м/с, екпіні 43,5 м/с дейін жетті, деп жазады inform.kz.

«Беріктас ауылында қатты желдің салдарынан көше бойындағы ағаштар құлап, 3 электр бағанасын басып қалып, газ құбырын зақымдады. Сағат 18.15-те Беріктас ауылында 1 ШРП уақытша газ беруді тоқтатып, нәтижесінде 50 шақты үй газсыз қалды. Ал сағат 19.00-де Беріктас ауылында қауіпсіздік мақсатында барлық 219 абонент газдан өшірілді. Сондай-ақ, Беріктас ауылы, Бейбітшілік көшесінде мал қораның шатыры желден ұшып, тұрғын үйдің шатырына құлады. Мал қораның шатыры 280 шаршы метрді құрайды. Ауданда шұғыл жұмысшы топ құрылып, оқиға орнында құзырлы органдар жұмыс істеуде», – делінген Қордай ауданы әкімінің баспасөз қызметі таратқан ақпартта.

Бұл күні мұнымен қоса, шамамен сағат 19.00-19.45 аралығында Отар аумағында, Кенен ауылдық округінің төңірегінде бұршақ аралас жаңбыр жауды. Бұршақ аралас жауынның және қатты желдің салдарынан Соғанды ауылы маңында Қақпатас өзені арнасынан шығып, ауыл арасындағы көпірді жартылай бұзған. Сондай-ақ Beeline операторының бағанасы зақымдалған. Ауыл ішінде ағаштар құлап, ол газ құбырын құлатқан. Қазіргі уақытта Соғанды ауылында қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жұмысшы топ оқиға болған ауылдарды аралап, зардап шеккендерді анықтап жатыр.