Қауіпті сәт куәгерлердің бірі түсіріп алған видеода анық көрінеді.
ERNUR.KZ. Ақтауда көпқабатты үйдің 11-қабатындағы балкон қоршауына екі кішкентай қыз шығып ойнаған, деп жазады baq.kz.
Қауіпті сәт куәгерлердің бірі түсіріп алған видеода анық көрінеді. Балалар балконның темір қоршауына мініп, өмірлеріне қауіп төндірген.
Бұл жайт әлеуметтік желіде қызу талқыланып, көпшілік ата-аналардың жауапкершілігіне қатысты алаңдаушылық білдірді. Абырой болғанда, балалар дін аман.
Құзырлы органдар оқиғаны назарға алғанын хабарлады. Мамандар ата-аналарды балалардың қауіпсіздігіне мұқият болуға шақырады.
Бала кездейсоқ торға сүйеніп, құлап кетуі мүмкін. Қауіпсіздік ережелерін сақтаңыздар. Терезе ашық кезде баланы ешқашан қараусыз қалдырмаңыздар. Тіпті қысқа уақытқа да баланы қараусыз қалдыруға болмайды. Балаңызбен терезе алдында ойнамаңыз және оның назарын сыртқа аудармаңыз. Балаларға терезе мен басқа да биіктегі қоршаулар ойыншық емес екенін түсіндіріңіз. Бала өмірі сіздің қолыңызда!, - деп ескертеді Ақтау қаласы полиция басқармасының қызметкерлері.
Еске салайық, бұған дейін Ақтөбеде ойын паркінде бала қолын жаралағаны туралы жазған болатынбыз.