Қазақ көкпаршылары қырғыздармен болған кикілжіңнің себебін жариялады

0
549

Қырғыз көкпаршылары марапаттау кезінде жүлделерін тағудан бас тартып, тұғырдан түсіп, кетіп қалды.


Қазақ көкпаршылары қырғыздармен болған кикілжіңнің себебін жариялады

ERNUR.KZ. Көкпардан ұлттық құрама мүшесі Абылайхан Нышанбеков қырғыз көкпаршыларымен болған кикілжіңнің себебін айтты, деп жазады sputnik.kz.

Бүгін көкар федерациясы арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, кешегі ойында болған кикілжіңнің себебін жариялады. Ойынға қатысқан көкпаршы Абылайхан Нышанбековтың айтуынша, желіде қазақ көкпаршысының қамшы жұмсаған видеосы тарап кетті. Ал халық оны сынға алып жатыр. Көкпаршымыз өздігімен барып, қарсыласын қамшымен ұрған жоқ.
“Қырғызстанның шабандозы мәреге салым салған кезде біздің қорғаушымыз Ұлан Байтөреевке балағат сөз айтты. Намысына тиетін сөзден кейін ағамыз қамшы жұмсаған. Ойын барысында қағыс та, тартыс та, әртүрлі жағдай болады. Аттың үстінде жүргеннен кейін қызуқанды халықпыз ғой. Ойын барысында болған нәрсе, сол жерде қалды деп ойлаймын. Қазір қырғыз палуандары оны әлеуметтік желіге салып, талқылап жатыр. Бірақ біздің палуанымыз өздігімен барып тиіскен жоқ. Намысына тигеннен кейін қамшы жұмсаған”, - деді Нышанбеков.
Ал ұлттық құраманың бас бапкері Ақылбай Манкеев те бұл оқиға жанжалдың деңгейіне көтеретіндей емес екенін мәлімдеді.
"Мен өзім кикілжіңнің неден басталғанын байқаған жоқпын. Артынан төрешіні шақырып сұрағынымызда қарсылас команда мүшесінің боқтағанын анық естідім деді. Меніңше, ол кикілжіңді сонша көтеру керек болып тұр ғой. Жалғыз ол емес, ойынның арасында шабандоздарымыздың ашуына тиетін қаншама сөздер айтылды. Біз оларды барынша сабырға шақырып, тоқтатып отырдық. Ал бәріне қамшы көтере берсе, еларалық біраз нәрсе туындайтын еді. Ол анық. Сол себепті біз спортшыларымызды барынша ұстап отырдық", - деп атап көрсетті Манкеев.
Бас бапкердің айтуынша, төрешілердің шешімі де дұрыс болмады. Олар қазақстандық көкпаршыны емес, боқауыз сөз айтқан қырғыз көкпаршысына екі минуттық жаза беруі керек еді.
Айта кетері, қырғыз көкпаршылары марапаттау кезінде жүлделерін тағудан бас тартып, тұғырдан түсіп, кетіп қалды. Осылайша өз наразылықтарын білдірді.