Өнер ұжымы жаңадан құрылған үш облыста (Ұлытау, Жетісу, Абай) жеке концерт бермек.
ERNUR.KZ. «Қазақконцерт» мемлекеттік ұйымы гастрольдік сапармен ел ішін аралап концерт өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік ұйымы 62-ші жаңа маусымды бастайды. Ел аралап концерт беріп, гастрольдік сапарды бастағалы отырмыз. Сондай-ақ, еліміздегі моноқалаларға арналған жобамыз бар. Абай, Шығыс Қазақстан, Ұлытау, Жетісу, Түркістан, Жамбыл облыстарындағы моноқалаларда ұжымдық концерт өткізбекпіз. Жобаның аты – «Ел бірлігі – жаңа Қазақстан» деп аталады. Одан бөлек, биыл күзде Алматыда «Алтын күз» атты үлкен концерт беру жоспар бар», - деді Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының директоры Ақтоты Райымқұлова елордада өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ, өнер ұжымы жаңадан құрылған үш облыста (Ұлытау, Жетісу, Абай) жеке концерт бермек. Гастрольдік концерттердің шығармашылық құрамында «Қазақконцерттің» солистері: Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Роза Рымбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Айжан Нұрмағамбетова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Ерлан Рысқали, Раушан Оразбаева, Азамат Жылтыркөзов, Медет Чотабаев, Салтанат Ахметова, Жанна Орынбасарова, ҚР Мәдениет саласының үздігі Перизат Тұрарова, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттары Асқар Мұқият, Ардақ Елеусіз, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары Дарын Құдайберген, Әлібек Әлмадиев, Әйгерім Алтынбек, Салтанат Меңдіғалиева, Дидар Әбдіхалық.