«Қазақмыс» кенішінде тағы да жұмысшы қаза болды

0
543

1992 жылы туған машинист мерт болды.


«Қазақмыс» кенішінде тағы да жұмысшы қаза болды

ERNUR.KZ. Ұлытау облысындағы «Жыланды» кенішінде 31 жастағы жұмысшы мерт болды, деп жазады inform.kz.

««Қазақмыс» компаниялар тобы Ұлытау облысында орналасқан «Жыланды» кенішінде 26 желтоқсан күні қайғылы оқиға болғанын қайғыра хабарлайды. Сағат 18.30-да шахта учаскелерінің бірі – «Шығыс Сары-Обада» өздігімен жүретін жерасты машинасының өндіріс орнына қозғалысы барысында жүргізуші 1992 жылы туған машинистті абайсызда басып кетті. Салдарынан жұмысшы өлімге алып келген ауыр жарақаттар алды. Арнайы комиссия жазатайым оқиғаның мән-жайы мен себебін анықтап жатыр. «Қазақмыс» компаниясының басшылығы мен еңбек ұжымы қаза болған жұмысшының туыстары мен жақындарына көңіл айтады», - делінген компания мәліметінде.

Еске салайық, 26 желтоқсан күні өткен Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов биыл «Қазақмыс» компаниясында өндірістік жарақат алу көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 3 еседен астамға артқанын атап өткен болатын.

Айта кетейік, «Қазақмысқа» тиесілі кеніштерде соңғы уақытта жазатайым оқиғалар көбейді. Мәлесен, 27 қарашада компанияның Жамбыл облысындағы «Жайсан» кенішінде Тау-кен жұмыстарын жүргізу кезінде Ғ.Омаров атындағы шахта проходкалау трестінің 1981 және 2002 жылы туған жұмысшылары ауыр жарақат алып, көз жұмды.

22 қарашада «Қазақмыс» компаниясының Жезқазған байыту фабрикасында машинист мерт болды.

Ал 6 қарашада Шығыс Жезқазған кенішінің №57 шахтасында жұмысшы қаза тауып, «Жыланды» кенішінде 6 қызметкер жарақат алғаны хабарланды.

«Қазақмыс» – Қазақстандағы ең ірі мыс өндіруші. Компанияның құрамында 10 кеніш, бес тау-кен байыту фабрикасы, екі мыс балқыту зауыты, екі көмір разрезі бар. «Қазақмыс» кенді өндіруді және оны тауарлық металға өңдеуді жүргізетін өндірістік объектілерді басқарады.