Қазақмыс компаниясы Балқаштың экожүйесін сақтауға 5 млн доллар бөледі

0
201

One Water Summit 2024 халықаралық форумы Қазақстан мен Францияның төрағалығымен, Сауд Арабиясы және Дүниежүзілік банк тобының қолдауымен өтті.


Қазақмыс компаниясы Балқаштың экожүйесін сақтауға 5 млн доллар бөледі
Фото: ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі
ERNUR.KZ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірер күн бұрын One Water саммитіне қатысу үшін Сауд Арабиясына жұмыс сапарымен барды. Саммит барысында Қазақстандағы бірегей Балқаш көлі назарда болды. Осы орайда Балқаш көлінің экожүйесі мен оған іргелес сулы-батпақты жерлерді қорғау және сақтау мақсатында «Қазақмыс» жеке компаниясы 5 млн АҚШ доллары көлемінде қаржы бөлетіні белгілі болды, деп жазады inform.kz.

Айта кетейік, One Water Summit 2024 халықаралық форумы Қазақстан мен Францияның төрағалығымен, Сауд Арабиясы және Дүниежүзілік банк тобының қолдауымен өтті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аталған саммиттің ашылу салтанатында сөз сөйледі.
— Барша адамзат, әсіресе шалғайда тіршілік етіп жатқан тұрғындар мен халықтардың осал тобы санитарлық талаптарға сай келетін таза ауызсуға қол жеткізуге тиіс. Бұл — олардың құқы. Климат пен су инфрақұрылымына арналған мақсатты инвестициялар су көзімен қамтамасыз етіп, орнықты өсімге септігін тигізеді. Осы арқылы тұтас өңірлер өркендейді. Қазақстанның таза ауызсуға жаппай қол жеткізуді көздейтін Freshwater Challenge жаһандық бастамасына қосылуы еліміздің осы мақсатқа жетуге бейіл екенін растайды, — деді Президент.
Мемлекет басшысы еліміздің Дүниежүзілік банкпен стратегиялық серіктестігінің мәнін ерекше атап өтті.
Президенттің айтуынша, бүгінде қаржы институтымен бірлесе су ресурстары, көлік және білім беру салаларында жалпы құны 3,5 миллиард доллар болатын бес ірі жоба жүзеге асырылып жатыр.
Сондай-ақ One Water саммитінде ҚР Президентінің халықаралық экологиялық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі Зүлфия Сүлейменова еліміздің су қорын экологиялық қорғау мәселесін қозғап, бес ұлттық бастаманы көтерді. Соның бірі отандық «Қазақмыс» компаниясының Балқаш көлін қорғауға арналған жобасы.
— Экожүйесін қорғауды назарға алатын біздің ішкі су қоймаларымыз бар, соның бірі — Балқаш көлі. Көлдің бірегейлігі — жартылай тұзды су, жартылай тұщы судан тұрады. Оның оңтүстігінде Рамсар конвенциясының сулы-батпақты аумағы орналасқан. Сіздің рұқсатыңызбен Қазақстанның жетекші жеке компаниясы «Қазақмыс» корпорациясы Балқаш көлінің экожүйесін сақтауға бағытталған жобаларға 5 миллион АҚШ долларын бөлетінін жариялағым келеді. Жеке сектор өкілдері су экожүйелерін сақтауда белсенділік танытып отыр, — деді Зүлфия Сүлейменова.
Еске сала кетсек, биыл мамырда «Балқаш-2024» халықаралық су-климат форумы өтті. Форумға қатысушылар Балқаш көлінің экологиялық деградациясының алдын алу мәселелерін көтерді. Сол сияқты Балқаш көлінің жағдайына алаңдаулы қоғамдастық мүшелері бірқатар инновациялық шешімдер ұсынды.
«Қазақмыс» компаниясы экологиялық саясат және ESG қағидаттарын ұстана отырып, форумда белгіленген іс-шараларға белсенді атсалысып, Балқаш көлін қорғау және сақтау бағдарламасын әзірлеуге үлес қосатынын білдірген еді.