Қазақстан 2025 жылы саяхаттауға тиіс үздік елдердің тізіміне енді

0
284

Әлемнің беделді басылымының тізіміне енген Қазақстан ежелгі дәстүр мен заманауи өмір тоғысқан ел ретінде сипатталған.


Қазақстан 2025 жылы саяхаттауға тиіс үздік елдердің тізіміне енді

Фото: Туризм және спорт министрлігі

ERNUR.KZ. Халықаралық Lonely Planet журналы Қазақстанды жыл сайынғы Best in Travel 2025 рейтингінде саяхаттауға арналған ең үздік елдердің бірі ретінде таныды, деп жазады inform.kz.

Журнал сарапшылары жыл сайын саяхатшылар, қызметкерлер, авторлар және туризм саласындағы басқа да мамандардың ұсыныстарына негізделген бағыттарды мұқият талдап, үздіктерді анықтайды. 2025 жылғы таңдау Қазақстанға түсіп отыр. Еліміз шетелдік сала сарапшыларын бай тарихымен, алуан түрлі табиғатымен және бірегей мәдени мұрасымен баурап алған.

«Қазақстанның Lonely Planet секілді әлемдегі беделді басылымның Best in Travel 2025 рейтингінде болуы – еліміздің туризміне әлем бойынша қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді. Елдің шынайы мәдениеті мен алуан түрлі табиғатын халықаралық деңгейде ілгерілетуді жалғастыра отырып, біз тұрақты туризм принциптерін ұстанамыз», - деп атап өтті ҚР Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев.

Әлемнің беделді басылымының тізіміне енген Қазақстан ежелгі дәстүр мен заманауи өмір тоғысқан ел ретінде сипатталған. Елімізге келген әрбір турист Отанына ерекше сезіммен оралатыны анық.

Lonely Planet басылымының мақаласында: «Қазақстан – тек саяхаттайтын ел емес, ашылуы тиіс әлем, сапарға шығуды қажет ететін және тарихтың бір бөлшегі болатын ел. Ежелгі Жібек жолының сыбдыры Қазақстан қалаларын қоршап тұрған шексіз далада да естіледі», - деп жазылған.

Айта кету керек, Қазақстанның туристік әлеуетін тек Lonely Planet журналы ғана емес, әлемге танымал туристік басылымдар да жоғары бағалап отыр. Мәселен, Conde Nast Traveler мен Wanderlust басылымдары Қазақстанды 2024 жылғы әлемдегі ең үздік саяхат бағыттарының тізіміне енгізген. Алматы қаласы The New York Times рейтингі бойынша 52 үздік туристік бағыттың қатарына кірді.