Қазақстан 2050 жылға қарай "суға өте мұқтаж" елдердің санатына кіруі мүмкін

0
644

Қазақстан үкіметі алдында 2025 жылдың соңына дейін халықтың 100%-ын таза ауыз сумен қамтамасыз ету міндеті тұр.


Қазақстан 2050 жылға қарай

ERNUR.KZ. Бұл туралы үкімет отырысында премьер-министр Әлихан Смайылов айтты, деп жазады zakon.kz.

Қазір бұл көрсеткіш қалаларда - 98%, ауылдық елді-мекендерде 94%-ті құрап отыр. Әлихан Смайыловтың сөзінше, аса маңызды жұмыстардың бірі – елдегі су ресурстарының тапшылығын шешу.

"Президент еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңесте атап өткендей, Қазақстан 2050 жылға қарай "суға өте мұқтаж" елдердің санатына кіруі мүмкін. Қазір елімізде 600 мыңнан астам адам таза ауыз су мәселесін шешуді талап етеді. Тіпті Астананың өзінде су тапшылығы қатты сезіле бастады. Бұл ретте суды үнемдеу маңызды сұрақ болып отыр", - деді Смайылов.

Премьер-министрдің сөзінше, өкінішке қарай, көптеген азамат суды үнемдегісі келмейді. Бұл мәселені шешу үшін саланы цифрландыру және тиімді тарифтерді енгізу қажет.

"Осы мәселенің бәрін жаңа Су кодексі мен бағдарламалық құжаттарды дайындау кезінде ескеру қажет. Бұдан басқа, әлі шешімін таппаған бірқатар жүйелі проблемалар бар. Мысалы, кей өңірлерде су тазарту құрылысын салу созылып кетті. Ақмола облысында бұл жұмыс 10 жылдан бері бітпей келеді. Іздестіру-барлау жұмысы да уақытында басталған жоқ. Қарағанды облысында конкурстық рәсімдер енді ғана өткізіліп жатыр. "Сақалды" құрылысқа айналған ауыз су жобаларын аяқтау ісінде де шикілік көп", - деді Әлихан Смайылов.

Мұның айқын мысалы ретінде үкімет басшысы Ұлытау облысындағы Есқұла су құбырын, Қызылорда облысындағы Талап су құбырын, Солтүстік Қазақстан облысындағы Преснов су құбыры мен Соколов су құбырының 2-кезеңін айтты.

"Соның кесірінен 220 мыңға жуық адам сапалы суға қол жеткізе алмай отыр. Сумен жабдықтау жүйесінде техникалық ақаулардың орын алуына негізінен инфрақұрылымның тозуы мен күрделі жөндеу жұмыстарының уақытылы жүргізілмеуі себеп болып отыр. Мысалы, сәуір айында магистральдық құбырдың жарылуынан Балқаш қаласы бірнеше күн бойы түгелдей ауыз сусыз қалды", - деді Премьер-министр.

Абай облысындағы Андроновка ауылында су мұнарасы құлап, жергілікті тұрғындар суды тасып ішуге мәжбүр болды. Семейде су арнасындағы авария 70-тен астам үйді сусыз қалдырды. Сонымен қатар магистральдық құбырдағы авариядан Ақмола облысының 11 елді-мекеніне су берілмей қалды.

"Бұл – тек бір айда болған жайттар. Мұндай проблеманың барлығын кешенді түрде шешу керек. Жалпы Индустрия және Экология министрліктері өңір әкімдіктерімен бірлесіп, биылдың қорытындысы бойынша қалалар мен ауылдық елді-мекендерді таза ауыз сумен қамтудың жоспарланған көрсеткіштеріне қол жеткізуді қамтамасыз етуі қажет", - деді Әлихан Смайылов.

Сонымен бірге Әлихан Смайылов мына мәселелерді атап өтті:

  • Индустрия министрлігі Экология министрлігімен және өңір әкімдіктерімен бірлесіп, еліміздегі сумен жабдықтау инфрақұрылымына мониторинг жүргізіп, 1 ай мерзімде үкіметке апат қаупі аса жоғары объектілердің тізбесін енгізуі тиіс.
  • Суды ұтымды пайдалану мақсатында Ұлттық экономика министрлігі Индустрия және Экология министрліктерімен бірлесіп, 1 ай мерзімде суға жаңа тарифтік саясатты енгізу бойынша нақты ұсыныстар енгізуі қажет.
  • Экология министрлігі өңір әкімдіктерімен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін құрылыс жұмыстары созылып кеткен барлық ауыз су жобаларының аяқталуын қамтамасыз етуі керек.