Бүгінгі таңда Қазақстанда коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаның 1 млн 630 мың 930 дозасы бар. Оның ішінде 329 мың – QazVac, 1,2 млн – Sinopharm, 106,5 мың - Pfizer.
ERNUR.KZ. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың мәліметінше, Қазақстан күзгі эпидемиологиялық кезеңге балалар мен жүкті әйелдерге Pfizer вакцинасының шамамен 300 мың дозасына тапсырыс беруді жоспарлап отыр, деп жазады sputnik.kz.
"Бүгінгі таңда біз Pfizer-дің қалған 106,5 мың дозасын егіп жатырмыз. Яғни бұл вакцина жүкті әйелдер мен балаларға және Pfizer-дің бірінші компонентін алған азаматтарға салынады. Балалар мен жүкті әйелдер үшін күзгі кезеңге қосымша 300 мыңға жуық дозаға тапсырыс беріледі", – деді министр.
Сондай-ақ Ажар Ғиният Алматы қаласында қалған вакцина қорына тоқталды. Айтуынша, мегаполисте 37 мың доза QazVac, 180 мың доза Sinopharm және 8600 доза Pfizer бар.
"Ай сайын 500 мың доза өз вакцинамыз – QazVac өндіріледі. Бүгінгі таңда 2 миллионға жуық доза бар және қажет болған жағдайда тағы алынады. Елде вакцина жеткілікті", - деді министр.