Соңғы бес жылда елімізде жастар санының азаюы байқалған.
ERNUR.KZ. Бұл туралы «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Талғат Қалиев мәлімдеді, деп жазады 24.kz.
Орталық өкілдері 2018 жылы жүргізілген зерттеу нәтижелерімен бөлісті. Соңғы бес жылда елімізде жастар санының азаюы байқалған. Мысалы, 2014 жылы жастар үлесі 25% болса, былтыр бұл көрсеткіш 21,5% түскен. Мамандар бұны 90-жылдардағы демографиялық дағдарыспен байланыстырады. Тағы бір алаңдататын жайт, ажырасу санының артуы. 2007 жылы елімізде 36 мың отбасы ажырасса, 2017 жылы бұл сан 54 мыңға жеткен. Осы ретте республикамыздың 8 өңірінде жас отбасыларға психологиялық және құқықтық көмек көрсету орталықтары ашылады. Сондай-ақ бұл проблеманы шешу үшін ажырасу процесін күрделендіру ұсынылды.
Асхат Оралов, ҚР ҚДМ Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының м.а.:
- Біздің елімізде ажырасу өте оңай. Халыққа қызмет көрсету орталығына өтініш жазып, 630-650 теңге төлейсіз. Егер бала болмаса, ерлі-зайыптылар автоматты түрде ажырасады. Сот арқылы болса 5000 теңге көлемінде қаражат кетеді. Ал Батыс тәжірибесінде бұл процесс өте күрделі және материалдық шығыны да көп. Өңірлерде құрылатын көмек көрсету орталықтары ажырасу деңгейін төмендетеді деген үміттеміз.