Қазақстан білім индексі рейтингінде бірқатар ТМД елдерінен төмен тұр

0
131

2023 жылға арналған білім индексі рейтингісінде Қазақстан 133 елдің арасында 74-ші орынға ие болды.


Қазақстан білім индексі рейтингінде бірқатар ТМД елдерінен төмен тұр

ERNUR.KZ. Еліміздің индексі 45,6 болса, әлемдік орташа көрсеткіш 47,54 болды, деп жазады inbusiness.kz.


Индекс білім беру, АКТ, зерттеу және әзірлеу, ел экономикасы сияқты секторларды қамтитын жеті құрамдас қосалқы индекстерді қамтиды.

ТМД елдерінің ішінде Қазақстанға қарағанда жоғары индекс мәндері Украина, Армения, Молдова, Ресей және Беларусь елдерінде байқалды. Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Әзербайжан сияқты елдерде жағдай нашарлау. Бұл ретте рейтингте 69,1 индексімен Швейцария көш бастады.

Ағымдағы жылдың қаңтар-тамыз айларының қорытындысы бойынша Қазақстанның білім беру саласына негізгі капиталға салынған инвестиция 414,9 млрд теңгеге жетті, бұл бір жыл бұрынғыдан 69,2%-ға артық. Инвестиция көлемінің нақты өсімі 66,3%-ды құрады.

Инвестицияның негізгі бөлігі орта білім беруге құйылды: 363,6 млрд теңге немесе секторға салынған барлық күрделі салымдардың 87,6%-ы. Одан кейінгі орында мектепке дейінгі және жоғары білім: тиісінше 17,4 млрд және 10,1 млрд теңге. Бастауыш білім беру саласына негізгі капиталға салынған инвестиция 2,8 млрд теңгені құрады.

Қаржыландыру көздеріне келетін болсақ, республикалық бюджеттен ең көп инвестиция салынды: 198,7 млрд теңге. Бұл өткен жылдың қаңтар-тамыз айларымен салыстырғанда 5,8 есе көп. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен инвестициялар 10,4%-ға өсіп, 120,2 млрд теңгені құраған.

Бұл ретте жеке қаражат есебінен күрделі салымдар 14,6%-ға, 60,2 млрд теңгеге, ал банк несиелері бойынша 49,9%-ға, 12,1 млрд теңгеге дейін азайды. Банктік емес қарыз қаражаты 23,7 млрд теңгені құрап, жылдық өсім 3,2 есеге жетті.

Өңірлер бойынша білім беру саласына негізгі капиталға салынған инвестицияның ең көп көлемі Түркістан облысында тіркелді: 58 млрд теңге – 2023 жылдың қаңтар-тамызымен салыстырғанда 2,1 есе көп. Алғашқы "бестікке" сондай-ақ, Алматы облысы, Астана, Алматы, Атырау облысы және Шымкент қалалары кірді.