Халықаралық құқық пен ұлттық заңнаманы ескере отырып, ҚР Ішкі істер министрлігіндегі көші-қон қызметі Қазақстандағы Ауғанстан азаматтарының мәселелерін шешумен айналысуда.
ERNUR.KZ. Елімізде Ауғанстан азаматтарына отанындағы жағдайға байланысты көмек көрсетіліп жатыр, деп жазады Ulysmedia.kz.
Халықаралық құқық пен ұлттық заңнаманы ескере отырып, ҚР Ішкі істер министрлігіндегі көші-қон қызметі Қазақстандағы Ауғанстан азаматтарының мәселелерін шешумен айналысуда. Мәселен осы жылдың тамыз айында ауған жерінде жағдай ушыққан сәттен бастап көші-қон қызметі комитеті Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында оқитын Ауғанстанның 155 азаматына оқу визаларын берген және ұзартқан. Оқуын аяқтаған, алайда Қазақстаннан дер кезінде шыға алмаған 50-ден астам ауғандықтарға қатысты Ауғанстандағы жағдай қалыпқа келгенше елде болу мерзімі ұзартылып отыр.
Желтоқсан айында жекелеген ауған студенттері қиын қаржылық жағдайға және Ауғанстаннан туыстарынан қаражат алу мүмкіндігінің жоқтығына байланысты Халықаралық көші-қон ұйымынан көмек сұраған. Осыған байланысты ІІМ көші-қон қызметі комитеті адам құқықтары жөніндегі уәкілмен және аталған ұйыммен бірлесіп, осы жылы оқуын бітірген Ауғанстаннан келген 204 студентке гуманитарлық көмек көрсетуді ұйымдастыру бойынша акциялар өткізгені мәлімделуде.
«Акция Алматы, Шымкент, Қарағанды, Өскемен және Нұр-сұлтан қалаларында өткізілді», – дейді ІІМ өкілдері.