Дәл қазір Грузия мен Оңтүстік Кореяда саяси ахуал шиеленісіп тұр.
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform
ERNUR.KZ. Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев саяси ахуалы шиеленіскен Оңтүстік Корея мен Грузиядағы қазақстандықтардың қауіпсіздігі туралы пікір білдірді, деп жазады inform.kz.
- Елшіліктеріміз шет мемлекеттердегі азаматтарымызбен әрқашан байланыста болады. Оңтүстік Кореядағы жағдайды айтып отырсыз ғой, жалпы менің білуімше, қазір негізгі саяси мәселе шешімін тауып отыр. Біздің сыртқы саясатымыз үшінші мемлекеттердің ішкі саясатына ешқашан араласпау, ешқандай баға бермеу қағидатына бағынады. Басты мақсатымыз – Кореяда тұратын азаматтарымызды қорғау. Сасына келетін болсақ, бүгінгі таңда екі арада визасыз режим орнатылған. Сондықтан 30 мыңнан астам азаматымыз бар деген статистика бар. Бірақ кейбір кезде біздің Кореядағы азаматтарымыз ішкі көші-қон заңын бұзып жүр. Заңсыз деуге де болады. 30 күндік виза мерзімі аяқталса да шықпай қалып қойып жатады, - деді ол.
Сондай-ақ, дәл қазір Грузия мен Оңтүстік Кореяға арнайы борт шығарудың қажеттілігі жоқ екенін айтты.
- Сыртқы істер министрлігі тиісті мемлекеттік органдармен бірге әскери іс-қимыл жүріп жатқан елдерге ғана қазақстандықтарды алдыру үшін жібереді. Алысқа бармай-ақ қояйық, Украинаға, Газа секторы мен Израильге осылай арнайы рейстер жібердік. Оңтүстік Корея мен Грузия туралы айтсақ, ондай қажеттілік көріп тұрған жоқпыз. Ондай өтінішпен ешкім жүгінген жоқ. Өтініш болса, қарастырамыз, - деді Әлібек Бақаев.