Өткен аптада Қырғызстан билігі Қазақстанға шағым түсірген болатын.
ERNUR.KZ. Қазақстан Қырғызстанның Дүниежүзілік Сауда Ұйымына (ДСҰ) түсірген шағымына жауап берді, деп жазады holanews.kz.
Өткен аптада Қырғызстан Қазақстаннан ДСҰ шеңберіндегі сауда кедергілерін алып тастауды талап етіп, ел билігіне шағым түсірген болатын. Қырғыз экономика министрлігінің хабарлауынша, 2019 жылдың наурыз айынан бастап Қазақстан Қырғызстаннан транзиттік тауарлар қозғалысында айтарлықтай кідірістерге тап болды. Бұған Қазақстан Республикасының күшейтілген тексерістері себеп болыпты.
Осыған байланысты елдің Сауда министрлігі жауап берді. Министрлік Қырғызстан көтерген барлық мәселелер елдердің ЕАЭО-ға қатысумен байланысты екенін түсіндірді. Сондықтан олар екіжақты немесе одақ шеңберінде шешілуі керек.
Сауда министрлігі 2019 жылы Қазақстан Қырғызстанның кедендік әкімшілігінің жеткіліксіздігі Қазақстан мен ЕАЭО-ға мүше басқа мемлекеттердің бюджетінің ҚҚС және кедендік баж салығын шығынға алып келді деген мәселені бірнеше рет көтергенін көрші елдің құзырлы орындарының қаперіне салып өтті.
Сонымен қатар, қазақстандық делегация Қырғызстанды ЕАЭО-ға кірген кезде осы елдің қабылдаған міндеттемелерін орындауы қажет екенін еске салды. Қазақстан Республикасының делегациясы қырғыз серіктестерін Қазақстанмен кедендік әкімшілендіруді жетілдіру туралы екіжақты келісімдерді, оның ішінде навигациялық пломбаларды қолдану арқылы Қырғыз Республикасынан ЕАЭО мүше елдеріне Қазақстан арқылы жіберілетін тауарлардың транзитіне бірлескен бақылау керек екенін айтты.
«2019 жылы Қазақстанның мемлекеттік кірістер органдары жүргізген жұмыс нәтижелері бойынша 2,6 мыңнан астам факт анықталды», деп хабарлады Сауда министрлігі.
Қазақстан делегациясы тексерулерді ЕАЭО-ға мүше барлық мемлекеттерге қатысты бірдей жүргізіп жатқанын және Қазақстанның көліктері де осындай тексерістен өтетінін атап өтті.
«Біз тауарлардың қозғалысын бірлесіп бақылау үшін, сондай-ақ баға көрсеткіштерін қамтамасыз ету және импорт көлемін бақылау үшін навигациялық пломбаларды пайдалану туралы екіжақты келісімдерді орындау қажеттігін атап өтеміз. Өкінішке қарай, Қырғызстан бұл келісімдерді орындаған жоқ. Сондықтан, Қазақстан 2019 жылдың қазан айынан бастап біржақты тәртіпте электрондық навигацияны қолдану жөніндегі жобаны жүзеге асыруды бастады. Осы пилоттық жобаны қолдану барысында Қазақстан Республикасының базарларында пайда болған құжаттарда көрсетілген маршруттан ауытқудың 10 фактісі, жүк машиналарының осы пломбаларды пайдаланудан бас тартуының 26 фактісі, пломбалардың қолданылмауының 12 фактісі анықталды, бұл Қырғыз Республикасының келісімдерді орындауды қаламайтындығын көрсетеді. Тиісінше, Қазақстан ұлттық экономикалық мүдделерге нұқсан келтірмеу үшін бақылау шараларын қолдануға мәжбүр», деп қорытындылады Сауда министрлігі.
Еске сала кетейік, 11 ақпанда Қырғыз Республикасы Экономика министрінің орынбасары Эльдар Алишеров ДСҰ-ның Саудаға жәрдемдесу комитетінің отырысында Қырғызстан жүк тасымалдаушыларының Қазақстан аумағын кесіп өту кезінде өткізу пункттерінде тауарларды тексерулердің ұлғаюына байланысты тап болған қиындықтары туралы хабарлаған еді.
Жиында көрші мемлекет Қазақстанды ДСҰ алдындағы міндеттемелерін қатаң орындауға және ұйымның келісімдері аясында әрекет етуге шақырды, сонымен бірге жасырын сауда кедергілерін тез арада жоюды және қырғыз жүк тасымалдаушыларына кедергісіз транзиттік маршруттарды ұсынуды талап етті.