"ЗАҢ МЕН ТӘРТІП": Елді құмар ойынға жетелеген блогерлер анықталды

0
98

Егер қандай да бір күдікті ұсыныстар түссе немесе қоғамға зиянын тигізіп жүрген тұлғалардың әрекетін білсеңіз, дереу телеграм желісіндегі «АФМ Insider» ботына хабарласқаныңыз абзал.


Қазір қай әлеуметтік желіні ашсаңыз да адамдарды құмар ойынға, «жеңіл табысқа», түрлі ұтысқа үгіттейтін жарнамалардан көз сүрінеді. Өкініштісі сол, мұндай жарнамаларды көбіне онлайн оқырманы көп, әсіресе жастар Құдайдай көретін блогерлер жүргізіп жатады. Айналып келгенде қалтасы қағылып, жапа шегетін – қызыл-жасылға сенгіш, айтқан сөзге көнгіш қарапайым халық. Бұл заңсыздық бүгінде жеке адамның, бір отбасының ғана емес, тұтас қоғамның проблемасына айналып отыр. Тағы бір қынжылтатыны – аталған індет күн өткен сайын жасарып барады, яғни құрбандардың арасында мектеп оқушылары мен студенттер өте көп екен.


Дегенмен, елімізде заңсыз ойын бизнестерінің жолын кесу, онлайн ойындарды жарнамалаудың алдын-алу жұмыстары қарқын алып келеді. Тіпті, лудомания мен заңсыз ойын бизнесіне қарсы күрес – құзіретті органдардың басты жұмысына айналды десек қателеспейміз. Бұл бағыттағы жұмыстар өңір аумағында да үздіксіз атқарылып жатыр екен. Мұны Түркістан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аға жедел уәкілі Тұрапбай Жанболат айтты.


Департамент өкілінің сөзіне сүйенсек, заңсыз ойын залдарының саны азайғанымен, интернет арқылы жұмыс істейтін платформалар көбейіп кеткен. Сол себепті құқық қорғау органдары, жергілікті әкімдіктер мен прокуратура тарапынан кешенді жұмыстар жүргізілуде. 2025 жылдың өзінде заңсыз ойын бизнесі бойынша департаментте 5 қылмыстық іс қозғалып, 5 ойын залының жұмысы тоқтатылған. Одан бөлек, инстаграмм желісіндегі парақша арқылы заңсыз онлайн-казиноны жүргізген адамдар құрықталып, олардың ісі сотқа жіберілген. Сонымен бірге, 500-ге жуық заңсыз ойын сайттары бұғатталып, әлеуметтік желілерде заңсыз лотерея ұйымдастырушыларды және онлайн-казиноны жарнамалаған тұлғаларды жауапқа тарту үшін ҚР Туризм және спорт министрлігіне 4 парақша, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігіне 2 парақша жіберілген.


— Бірақ бұл жеткіліксіз. Басты күш — алдын алу және түсіндіру. Жастарға құмар ойынның артында қандай қауіп тұрғандығын ашық айтуымыз керек. Мектептерде, колледждер мен университеттерде нақты мысалдармен жұмыс жүргізу маңызды. Лудоманиямен күрес – тек заңмен емес, сана-сезіммен де жүргізілетін жұмыс, - дейді Жанболат Нұрқабылұлы.


Ресми ақпаратқа сүйенсек, жыл басынан бері Агенттік 34 блогердің онлайн-ойындарды жарнамалауға қатысы барын анықтапты. Олардың ішінде әлеуметтік желіде аты мәлім Қайсар Қамза, Шыңғысхан Көпбаев, Айтмаханов Тәуіржан, Тұрғанов Наиль, Диляра Аманқосқызы сынды азаматтар бар. Бүгінге дейін олардың оннан астамы әкімшілік жауапкершілікке тартылса, 23 контент жасаушыға қатысты материалдар Мәдениет министрлігіне шара қабылдау үшін жолданған.


Тіпті, бұл блогерлердің көбісі заңды бір рет қана емес, жүйелі түрде бұзады екен. Мәселен, хип-хоп орындаушы «Baller» (шын аты – Шыңғысхан Көпбаев) 2025 жылдың басынан бері аталған бап бойынша 5 рет(!) жауапқа тартылған. 600 мыңнан астам жазылушысы бар музыкант-блогер Ринат Шамшыраққа қатысты да онлайн-казиноны жарнамалағаны үшін әкімшілік іс қозғалған. Сонымен қатар блогер «Niko_nett» пен инфлюенсер Қайсар Қамза да құзіретті органдардың жіті бақылауында екен. Әсіресе, Қайсар Қамза өзінің телеграм желісіндегі каналында үнемі заңсыз ойындарды насихаттап, «жалған жеңімпаздардың» видеоларын жариялап жүр екен.


Департамент өкілі блогерлердің жарнама қызметі үшін қанша қаражат алғанын да айтып берді. Оның аөзіне сүйенсек, Наиль Тұрғанов онлайн-казино жарнамасы үшін 8 млн. теңгеден астам сыйақы алған. Ал Нұрғазы Тоқтаров («Nakonay Qarapaiym») әлеуметтік желілерде азаматтарды заңсыз ойындарға тарту мақсатында белсенді науқан жүргізіп, жарнама үшін 15,8 млн. теңге алып, қаржының жартысына жуығын сол платформалардың өзінде ойнап ұтылып қалған.


Өкінішке қарай, мұндай заңсыз әрекеттерге қыздар да белсенді араласады екен. Мәселен, Мариям Құлжабаева («@oomariko») интернет-казиноға тіркелуге шақырған қарапайым «стористерін» небары 350 мың теңгеге бағалаған. Ал құмар ойынның құрбаны болған отбасылар миллиондаған қаржысынан айырылып жатыр. Оған қоса, Зухра Хакиева, Диана Халметова, Әсем Аубакирова, Арина Байкова, Күмісай Айымбетова және басқа да блогер қыздардың жаман аты шығып жатқан көрінеді.


– Аты аталған азаматтар онлайн-казино жарнамасы құмар ойын шырмауына бастайтын негізгі арна екенін біле тұра, теріс істерін жалғастыруда. Олар адамдардың тағдырына немқұрайды қарап, қаншама жанұяның күйреуіне себеп болып жатыр. Миллиондаған табысқа кенелген кейбір блогерлер айыппұлдарын төлеп, заңсыз әрекеттерін қайта жалғастырып жүр. Осыған байланысты Агенттік мұндай әрекеттерді ҚР ҚК-нің 28-бабының 5-тармағы аясында – заңсыз ойын бизнесіне көмектесу ретінде қарастыруға ниетті. Сонымен қатар, қаржы пирамидаларын жарнамалаған секілді онлайн-казино жарнамасы үшін де қылмыстық жауапкершілік енгізу бастамасы көтерілді. Блогерлерге және оларға еліктеушілерге айтарым – жарнама түріндегі контент таратумен айналысатын әрбір тұлға заң талаптарын қатаң сақтауы тиіс. Агенттік заңсыз ойындарды насихаттаудан бас тартып, адамдар алдындағы жауапкершілікті сезінуге шақырады, - дейді Тұрапбай Жанболат.


Жасыратыны жоқ, біздің кейбір ата-апаларымыз, аға-әпкелеріміз, іні-қарындастарымыз, әріптестеріміз, тіпті әке-шешеміз бен бауырларымыз да осындай көлеңкелі бизестің құрбанына айналып кетіп жатыр. Олардың арасында батпаққа батып, тығырыққа тірелгеннен кейін өзіне-өзі қол жұмсайтындары да жиі кездеседі. Бір сөзбен айтқанда, құмар ойынның, жеңіл табыстың соңы – өкініш пен қасірет. Сондықтан бұл проблемаға бірде-бір адам бейжай қарамауы тиіс. Егер қандай да бір күдікті ұсыныстар түссе немесе қоғамға зиянын тигізіп жүрген тұлғалардың әрекетін білсеңіз, дереу телеграм желісіндегі «АФМ Insider» ботына хабарласқаныңыз абзал. Агенттік анонимділікке кепілдік береді.


Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ

Бөлісу