"Әкесі "басым жаурап жүр" деп аян беріпті"

0
307


Халқымызда о дүниелік болған адамның әруағы түсіңе кіріп, аян беруі мүмкін деген наным бар. Бұл әсіресе үлкен кісілердің, ата-бабалардың, әулиелердің рухына байланысты айтылады. "Түсімде марқұм атам келіп, "Балаңның атын осылай қой" деп аян берді" деген сынды әңгімелерді бір рет болсын естіген шығарсыз.

Әрине, сену-сенбеу — әркімнің жеке ісі. Егер сенің түсіңде бір әруақ аян беріп, ол маңызды немесе мазасыз хабармен келген болса, оны жүрекпен қабылдап, ой жүгіртіп, өз өміріңе пайдалы тұстарын ала білсең жеткілікті. Ал аянды нақты шындық деп қабылдау немесе діни тұрғыда бағалау — әркімнің өз еркі мен сеніміне байланысты.
Мәселен, ERNUR.KZ порталына келген мына хаттағы жазбада шынымен аян берілгеніне, оның негізсіз еместігіне сенбеу мүмкін емес секілді.

"Анам айтады, бір күні түсінде о дүниелік боп кеткен әке-шешесін көріпті. Түсінде өзі әлі кішкентай қыз екен. Әке-шешесі екі жағынан екі қолынан ұстап, жетектесіп, әңгімелесіп келеді. Бір кезде әжем олардан «Арғы жақтағы жағдайларыңыз қалай? Жақсы ма?» деп сұрайды.

Сонда анасы күлімдеп «Жақсы» десе, әкесі «Жақсы еді, соңғы кездері менің басым қатты жаурап жүр» деп айтқан көрінеді. «Әке, ертең сізге жылы құлақшын әкеп беремін» деп еркелей сөйлеген қызына «Жарайды, құлыным, әкеле ғой, күтемін» деп жауап берген екен.

Осы түсінің мәнісін түсіне қоймаған анам ертесіне жеті шелпек, садақа таратады. Артынша көрген түсін көкеме айтып, екеуі жылы баскиім алып, әке-шешесінің бейітіне барған екен.

Сонда көргендері – әкесінің мүрдесінің бас жағы опырылып, үңгір болып қалған екен. «Топырақ құздап ішіне құлады ма, әлде бір жануарлар қазып кетті ме екен, оны білмедік. Бірақ түсімде әкемнің осыны меңзеп аян бергені анық болды. Көкең күрек алып қайта барып, жақсылап көміп кетті» деп аяқтаушы еді анам осы әңгімесін. "