"Төркіндеп баратын қыздарға қызығам": жас келіншек өмірден өткен ата-анасына деген сағынышын жеткізді

0
264


Қыз бала тұрмысқа шыққан соң өзге шаңырақтың отын тұтатқанымен, төркіні мен анасының орны ешқашан көмескіленбейді. Олар үшін анасы мен төркіні – өмірлік рухани тірек, мейірім мен тәрбие бастауы. Бұл байланыс — тек туыстық емес, терең рухани сабақтастықтың, сүйіспеншілік пен сағыныштың белгісі.

Өзі ана болғалы отырған келіншектің ERNUR.KZ редакциясына келіп жеткен хатынан анасына деген сағынышының лебі есіп тұр.


"Төркініне барып, ата-анасының мейіріміне бөленіп жүрген қыздарға қатты қызығам...

Менің балалық шағым өзгеше өтті. Әкем мен шешем ажырасып, бес жасымнан туған-туыстың қолында өстім. Анам үнемі жұмыста жүрді, ал әкем басқа әйелге үйленіп, өз өмірін сүріп кетті. Анама еркелеп, мұңымды шағатын кездер аз болды. Ол менің жанымда болғанымен, мен үшін толыққанды "ана мен бала" сәттері тым сирек еді.

Мен 19 жасқа келгенде анам өмірден өтті. Одан кейінгі өмірімде ешкімге "Анашым!" деп еркелеуге құқым болмады.

20 жасымда тұрмысқа шықтым. Ата-енем жақсы, күйеуім қамқор. Бірақ жүрегімнің түбінде бір бос кеңістік бар сияқты. Бір нәрсе жетіспейді...

Кейде мен де төркініме барғым келеді. Балаша еркелеп, анаммен таңға дейін сырласқым келеді. Бірақ мені күтетін ата-анам жоқ. Аға-жеңгелерім бар, шүкір. Десе де олар ешқашан анамның орнын баса алмайды. Олардың үйіне барғаныммен, төркінім деп еркін аунап-қунап жата алмаймын.

Сондықтан мен көп бала туамын деп шештім. Солар менің төркінім болады. Олар мені ешқашан жатсынбайтындай, мен де өзіме еркелейтін, сенім артып, сыр бөлісетін ортам болатындай етіп өсіремін.

Анасыз өмірдің қандай суық екенін жақсы білем. Сол себепті, ең болмаса, балаларым ешқашан анасының жылуына зәру болмаса екен деймін.

Анасы бар адамдар, сіздер шынымен бақыттысыздар! Оны бағалаңыздар. Анаңызға жиі барып, жағдайын сұраңыз. Оның жүрегін жылытатын бір ауыз жылы сөзді аямаңыз. Себебі уақыт күтпейді. Бүгін бар адам ертең қасыңызда болмауы мүмкін. Кейін өкініштен өзегіңіз өртенбеуі үшін, дәл қазір анаңызға барып, құшағына еніңіз. Еркелеңіз, еркелетіңіз!"