Қазақстан мектептерінде алғашқы қоңырау қашан өтетіні белгілі болды

0
443

2024-2025 жаңа оқу жылында 345 мың бірінші сынып оқушысы алғаш рет мектеп партасына отырады.


Қазақстан мектептерінде алғашқы қоңырау қашан өтетіні белгілі болды

ERNUR.KZ. Оқу-ағарту министрлігі 1 қыркүйек демалыс күнінен түскеніне орай барлық мектеп мұғалімдеріне қосымша ақы төленетінін мәлімдеді, деп жазады stan.kz.

"Білім күніне арналған салтанатты іс-шара еліміздің барлық өңірлерінде дәстүрлі түрде 1 қыркүйекте өтеді. 2024-2025 жаңа оқу жылында 345 мың бірінші сынып оқушысы алғаш рет мектеп партасына отырады. Олар үшін 1 қыркүйекте "Мектебім – мейірім мекені" тақырыбында салтанатты шара өтеді. 2 қыркүйекте – жаңа оқу жылының бірінші күні – "Менің Отаным – Қазақстан" тақырыбында Бірыңғай сынып сағатымен басталып, әрі қарай сабақ кестесіне сәйкес жалғасады", – делінген министрліктің хабарламасында.

Министрліктің мәліметінше, педагогтердің еңбегіне ақы төлеуге қатысты Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 79-бабына сәйкес жұмыс беруші қызметкердің нақты жұмыс істеген және жұмыс істемеген уақытының есебін жүргізуге міндетті.

"Демалыс және мереке күндері жұмыс істеген қызметкердің қалауы бойынша басқа демалыс күні беріледі немесе қызметкердің күндік (сағаттық) мөлшерлемесі бойынша кемінде екі есе мөлшерде ақы төленеді (ЕК)", – деді министрліктің баспасөз қызметі.

Ал Алматы әкімдігі Білім күніне арналған салтанатты іс-шаралар 1 қыркүйекте қаладағы барлық мектепте өтетінін айтты.

"Білім күні" 1 қыркүйекте 1-сынып оқушыларының қатысуымен "Мектебім – мейірім мекені" тақырыбында салтанатты іс-шара түрінде өткізіледі. 2 қыркүйекте бірінші сабақта 2-11 сынып оқушыларының қатысуымен "Менің Отаным – Қазақстан!" тақырыбында дәстүрлі сынып сағаты өтеді, одан кейін сабақтар кесте бойынша жалғасады", – делінген әкімдіктің хабарламасында.