Рейстер санын қазақстандық Air Astana мен неміс Lufthansa әуе компаниялары ұлғайтады.
ERNUR.KZ. Биыл шілде айынан бастап Қазақстан мен Германия арасында аптасына 15 рейс ұшады. Оның ішінде Орал – Франкфурт бағыты да бар, деп жазады sputnik.kz.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ақпаратынша, 2022 жылғы 15 мамырдан бастап Air Astana әуе компаниясы Нұр-Сұлтан – Франкфурт бағыты бойынша рейстерді аптасына 5-тен 6 рейске дейін, сондай-ақ 1 маусымнан бастап 6-дан 7 рейске дейін арттыруды жоспарлап отыр. Жолаушылар А321LR типті ұшақпен тасымалданады.
Бұдан бөлек, 2 маусымнан бастап Lufthansa әуе компаниясы Франкфурт – Нұр-Сұлтан/Алматы бағыты бойынша тұрақты рейстер санын аптасына 4-тен 5 рейске дейін, 4 шілдеден аптасына 7 рейске дейін ұлғайтады. Әуе жолаушылары А330/А340 ұшағымен ұшады.
Барлық рейс санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып, әуе компаниясы сайтында жарияланған кестеге сәйкес орындалады.
Әуе рейстерінің ұлғаюы екі ел арасындағы өзара ынтымақтастықтың одан әрі нығаюына, сондай-ақ туризмнің дамуына ықпал етеді деп күтілуде.