«Нұр жолы» өткізу пункті ТМД-дағы ең үлкен нысандардың бірі
ERNUR.KZ. Мемлекеттік-жеке әріптестік негізінде салынған бұл нысанның құрылысына 70 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінген, деп жазады 24.kz.
Бұрынғы Ұлы Жібек жолының бойымен жүк тасымалдайтын көліктер ағынын арттыруға арналған осы өткелдің пайдалануға берілуі арқылы екі ел арасындағы алыс-беріс дамып, сауда айналымы арта түсетін болады.
«Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының іргесінен бой көтерген «Нұр жолы» өткізу пунктінің пайдалануға берілуі екі ел арасындағы алыс-беріс пен барыс-келісті барынша арттыра түсері сөзсіз.
Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық дәлізінде орналасқан бұл өткелдің күніне 2500 автокөлік өткізе алатын әлеуеті бар. Соның 2300-і жүк көліктері болса, қалғаны жолаушы тасымалдайтын автобустар мен жеңіл көліктер болады деп күтілуде. Болашақта бұл көрсеткіштің екі есеге дейін арта түсуі мүмкін. Жүк көліктері бұрынғыдай кезек күтіп, кептеліп тұрмайды. Өйткені мұнда олардың өз жолы бар. Ал жолаушы тасымалдаушылар бөлек жолмен жүреді. Сондықтан шекарадан өту уақыты 20-30 минутқа ғана созылуы мүмкін. Бұл өз кезегінде көлік ағыны мен еліміздің транзиттік әлеуетін арттыруға тың серпін береді.
Ультразаманауи көлік-логистика орталығының аумағы 25 гектар жерді алып жатыр. Онда кедендік рәсімдеу орталығы мен 200 жүк көлігіне арналған автотұрақ және бірнеше жүк сақтау қоймасы орналасады.
Бүгін салтанатты түрде ашылған «Нұр жолы» өткізу пункті ТМД-дағы ең үлкен нысандардың бірі болып отыр. Ал техникалық жарақтандырылуы мен көлік өткізу жылдамдығы және бақылау жүйесі жағынан әлемде оның еш баламасы жоқ. Сондықтан жаңа заманауи көлік-логистика орталығының болашағы өте зор.
«Біз өз кезегімізде оның жұмысын жандандырып, әлеуетін арттыруға барынша күш салатын боламыз», – дейді мамандар.