Билет алған жолаушылардың бәріне билеттің толық құны қайтарылады.
ERNUR.KZ. Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев 3 ақпаннан бастап Қытай Халық Республикасымен тұрақты әуе қатынасы уақытша тоқтайтынын мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.
"Екі ел арасындағы тұрақты рейстерді қазақстандық «Эйр Астана», «SCAT» және қытайлық «China Southern Airlines», «Air China» әуе компаниялары Нұр-Сұлтан, Алматы және Қытайдың Бейжің, Үрімші, Сиан, Санья, Хайкоу қалалары арасында (23 әуе рейсі) орындап келген еді. Тиісінше, осы рейстерге билет алған жолаушылардың бәріне билеттің толық құны қайтарылады», - деді Талғат Ластаев министрлікте өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, 3 ақпаннан бастап аталған рейстерге билет алғандар оны сатып алған жерлеріне қайтара алады. Билеттер үшін ақша айыппұлсыз рәсімделіп, толық көлемде қайтарылады. Қалып қойған жолаушыларды елге қайтару үшін Бейжің және Үрімші қалаларынан қосымша рейстер ұйымдастырылады.
Еске сала кетсек, бүгін ҚР Үкіметі жанындағы ведомствоаралық комиссия Қазақстан аумағында коронавирустың таралуына жол бермеу бойынша бірқатар қосымша қорғану шараларын қабылдады.