Қазақстан өңірлерінде сұранысқа ие бағыттар бойынша 23 жаңа бөлімше ашылды

0
138

Еліміздің өңірлеріндегі облыстық ауруханаларды ауқымды жаңғырту бағдарламасы шеңберінде сұранысқа ие терапиялық бағыттар бойынша 23 жаңа бөлімше ашылды.


Қазақстан өңірлерінде сұранысқа ие бағыттар бойынша 23 жаңа бөлімше ашылды

ERNUR.KZ. Жаңа бөлімшелер ересектер мен балалардың арасында қажеттілігі жоғары медициналық бағыттар бойынша құрылды. Олар: ревматология, пульмонология, гастроэнтерология, эндокринология, гематология, нефрология және кардиология, деп хабарлайды ҚР Денсаулық сақтау министрлігі.

Жоба 2024–2030 жылдарға арналған денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту тұжырымдамасы шеңберінде жүзеге асырылып, өңір тұрғындары үшін мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған.

Жалпы алғанда, мастер-жоспарларға сәйкес еліміздегі 19 облыстық көпбейінді ауруханада, 15 облыстық балалар ауруханасында және 19 перинаталдық орталықта 2700 төсекке арналған 55 жаңа бөлімше ашу көзделген.

Бүгінгі күні олардың ішінде: 7 ревматология бөлімшесі; 4 пульмонология бөлімшесі; 6 гастроэнтерология бөлімшесі; 2 гематология бөлімшесі; 3 эндокринология бөлімшесі; 2 нефрология бөлімшесі; 2 кардиология бөлімшесі ашылды.

Облыстық балалар ауруханаларында 302 төсекке арналған 22 бөлімше ашу жоспарланған. Оның ішінде қазірдің өзінде 168 төсекке арналған 9 бөлімше пайдалануға берілді.

Сонымен қатар пульмонологиялық, неврологиялық, оториноларингологиялық, оңалту, травматологиялық және паллиативтік көмекті кеңейту көзделген.

2026 жылдың 1-ші тоқсанының қорытындысы бойынша еліміздің облыстық және қалалық стационарларында 59 895 пациент ем қабылдады. Бұл ретте облыстық деңгейдегі стационарларда емделген пациенттер саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1 337 адамға артты.

Денсаулық сақтау министрлігі 2026 жылдың басынан бастап облыстық ауруханаларды жаңғырту бағдарламасын қабылдап, іске асыруда. Бұл бағдарлама денсаулық сақтау жүйесін кешенді жаңғыртудың бір бөлігі болып табылады және еліміздің барлық өңірлерінің тұрғындарына сапалы, қауіпсіз әрі қолжетімді мамандандырылған медициналық көмек көрсететін заманауи медициналық ұйымдар желісін қалыптастыруға бағытталған.