Келісім төтенше жағдайдың алдын алу саласында Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтерінің құзыретті органдары ынтымақтастығының құқықтық негіздерін белгілеуге бағытталған.
ERNUR.KZ. Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтері арасындағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды, деп жазады ҚазАқпарат.
Аталған келісімге 2021 жылы 6 желтоқсанда елордада қол қойылды. Келісім төтенше жағдайдың алдын алу саласында Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтерінің құзыретті органдары ынтымақтастығының құқықтық негіздерін белгілеуге бағытталған.
ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі Марат Күлдіковтің айтуынша, тараптардың біреуінің аумағында төтенше жағдай болған кезде, бірлескен іс-қимылдардың арқасында осы келісім ережесі іске асырылмақ.
«Аталған келісім тәжірибе алмасуға, қауіп болған жағдайда тұрғындарды дайындауға, екі мемлекеттің оқу орындарында азаматтық қорғау саласында мамандарды оқытуға, бір елдің аумағында болған төтенше жағдайды жою кезінде көмек көрсетуге мүмкіндік береді», - деді вице-министр.
Оның сөзіне қарағанда, заң жобасының кері әсері жоқ және қаржылай шығынды талап етпейді. Заң жобасын қабылдау апаттардың қауіп-қатерін төмендетуге және тараптардың аумағында табиғи, техногенді сипаттағы төтенше жағдайдың салдарын азайтуға мүмкіндік береді.