Вице-премьер Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болу Қазақстанға несімен тиімді екенін айтты.
ERNUR.KZ. Вице-премьер – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин "Қазақстан ешкімнің қорасы емес" деп мәлімдеді, деп жазады sputnik.kz.
Жуырда Франция президенті Эмманюэль Макронның Астанаға сапары қарсаңында Bloomberg агенттігі "Қазақстанды Ресейдің қорасы" деп атаған еді. Үкіметте өткен брифингте журналистер вице-премьерден осыған түсініктеме беруді сұрады.
"Қазақстан ешкімнің қорасы емес. Бұл – көпжылдық тарихы бар тәуелсіз мемлекет, мәңгілік ел. Мұның бәрі – бос әңгіме", – деді Жұманғарин.
Ол Еуразия кеңістігінде көрші елдермен көптеген мәселе шешімін табатынын атап өтті. Мәселен, Мәскеуден Түркістанға тікелей рейс ашу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Челябі мен Новосібірге Qazaq Air рейстері ашылатын болды.
"Қазақстанға бұл несімен жаман? Батысқа жаңа өткізу бекеттері арқылы темір кені шикізаты барады деп келістік. Қазір Ресей балтық маңы порттары арқылы біздің көмірге жеңілдік жасау жағын қарастырады. Ағаш бойынша қосымша төрт өткізу пунктін ашуға, ал болашақта шектеуді мүлдем алып тастауға, навигациялық пломбалар қоюға уағдаластық. Мұның бәрі – біздің күнделікті сауда-экономикалық қызметіміздің мәселелері", – деді вице-премьер.
Жұманғарин Еуразия кеңістігінде Қазақстанның мүддесі бәрінен биік тұратынын атап өтті.
"Ешкім артқа қадам жасамайды. Біздің арамызда қора да, үшінші сортты адамдар да жоқ", – деді сауда министрі.