Қазақстан зейнетақы жүйесінің орнықтылығы бойынша әлемде сегізінші орын алды

0
184

Зерттеу аясында сарапшылар 50-ден астам көрсеткішті талдаған.


Қазақстан зейнетақы жүйесінің орнықтылығы бойынша әлемде сегізінші орын алды

Фото: Еңбек министрлігі

ERNUR.KZ. Қазақстанның зейнетақы жүйесі Marsh CFA Institute Global Pension Index 2026 халықаралық зерттеуінде ұзақ мерзімді орнықтылық көрсеткіші бойынша әлемдегі үздік он елдің қатарына енді, деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Халықаралық рейтингте Қазақстан 74,4 балл жинап, сегізінші орынға ие болды. Бұл көрсеткіш зейнетақы жүйесінің қаржыландыру көздерін, жинақталған активтерді және демографиялық өзгерістерді ескере отырып, болашақта зейнетақы төлемдерін қамтамасыз ету мүмкіндігін бағалайды.

Ал жалпы рейтингте Қазақстан 55 елдің арасында 29-орынға тұрақтады. Еліміздің қорытынды көрсеткіші 64,8 балды құрап, зейнетақы жүйесіне C+ бағасы берілді.

Зерттеу аясында сарапшылар 50-ден астам көрсеткішті талдаған. Олар зейнетақы төлемдерінің жеткіліктілігі, жүйенің ұзақ мерзімді орнықтылығы және оны реттеу мен басқару сапасы сияқты үш негізгі бағытты қамтиды.

– Қорытынды балл осы үш бағыт бойынша алынған нәтижелер негізінде қалыптастырылады. Сондықтан жекелеген көрсеткіш бойынша жоғары баға зейнетақымен қамсыздандырудың басқа бағыттарын одан әрі жетілдіру қажеттігін жоққа шығармайды. Қазақстан үздік ондыққа енген орнықтылық көрсеткіші зейнетақы бағдарламаларымен қамтылған жұмыскерлердің үлесін, зейнетақы активтерінің көлемін, халықтың қартаю қарқынын және басқа да факторларды ескереді. Бұл көрсеткіш зейнеткерлер саны мен зейнетақы төлемдерін алу ұзақтығы өзгерген жағдайда жүйенің болашақ міндеттемелерді орындауға қаншалықты дайын екенін бағалауға мүмкіндік береді, – делінген министрлік ақпаратында.

Зерттеуде зейнетақы жүйесін реттеу мен басқару сапасына, оның қатысушыларының құқықтары мен мүдделерін қорғауға және азаматтарды ақпараттандыруға да ерекше назар аударылған.

Бұл бағытта Қазақстан 83 балл жинады.

Сарапшылар еліміздің көпдеңгейлі зейнетақы жүйесін де бағалаған. Ол мемлекеттік зейнетақы төлемдерін, жұмыскерлер мен жұмыс берушілердің міндетті жарналары есебінен қалыптастырылатын зейнетақымен қамсыздандыруды және ерікті зейнетақы жинақтарын қамтиды.

Қазақстанның зейнетақы жүйесінің басым тұстары ретінде жұмыскерлердің зейнетақы бағдарламаларымен кеңінен қамтылуы, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, сондай-ақ ақпараттандыру жұмыстары атап өтілген.

Айта кету керек, алдыңғы зерттеуде Қазақстанның жалпы көрсеткіші 65 балды құраған. Ал 2026 жылы бұл көрсеткіш 64,8 балл болды.

Зерттеу нәтижелері Қазақстанның зейнетақы жүйесі ұзақ мерзімді орнықтылық тұрғысынан жоғары көрсеткішке ие екенін көрсеткенімен, зейнетақымен қамсыздандыру деңгейін одан әрі арттыру қажеттігін де айқындады.

Айта кетейік, 2025 жылғы жаһандық зейнетақы индексінде Қазақстан 52 елдің арасында 26-орын алып, 65 балл жинаған еді. Сол жылы еліміздің зейнетақы жүйесінің ұзақ мерзімді орнықтылығы 74,2 балға бағаланған.