Өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы $140 млн-ды құрады.
ERNUR.KZ. Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов елімізге алғашқы ресми сапарымен келген Словакия Республикасының Премьер-министрі Роберт Фицомен кездесті. Кездесу барысында сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Primeminister.kz.
«Словакия – Қазақстанның Еуропалық Одақтағы сенімді серіктесі. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Словакия Республикасымен жан-жақты стратегиялық әріптестікті дамытуға ерекше мән береді. Біздің елдерімізде өнеркәсіпті, ауыл шаруашылығын, жоғары білікті адами капиталды дамыту, сондай-ақ қолайлы географиялық жағдай салаларында көптеген ұқсастықтар бар. Мұның бәрі Қазақстан – Словакия қатынастарын одан әрі нығайтуға берік негіз болады», — деп баса айтты Олжас Бектенов.
«Екі мемлекеттің басшылары мен премьер-министрлер кездесулері – жобаларды жүзеге асырудың жұмылдырушы құрамдас бөлігі. Біз тауар айналымын арттыруға ғана емес, бірлескен өндіріс орындарын құруға да мүдделіміз», — деп атап өтті Роберт Фицо.
Өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы $140 млн-ды құрады, осы жылдың 4 айында өзара сауда көлемі 46%-ға артты. Сауда құрылымын әртараптандыру және тауарлар мен көрсетілетін қызметтер түрін одан әрі кеңейту шараларының маңыздылығы атап өтілді.
Қазақстан органикалық өндіріс саласында бірлескен кәсіпорындар құру және тәжірибе алмасу, халықаралық нарықтарға тұрақты шығуды қамтамасыз ететін тиімді көлік-логистикалық бағыттарды дамыту арқылы ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделі.
ҚР Үкіметіне отандық тасымалдаушылар тарапынан келіп түскен өтініштерді ескере отырып, Олжас Бектенов транзиттік жүк тасымалдауға рұқсат беру квотасын одан әрі ұлғайту мәселесін қарауға бастамашы болды.
Тараптар жан-жақты өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға және Роберт Фицоның Қазақстанға ресми сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды толық жүзеге асыруға ниетті екенін жеткізді.
Келіссөздер қорытындысы бойынша премьер-министрлер «Қазақстан – Словакия» бизнес-форумына қатысты.
Екі елдің іскер топтарының өкілдері өзара қызығушылық тудыратын жаңа салалар бойынша қарым-қатынас орнату мәселелерін талқылады. Қазақстанда словак бизнесі денсаулық сақтау, энергетика, тамақ өнеркәсібі және тағы басқа салаларға белсенді түрде қатысуда.
Олжас Бектенов өз сөзінде инвесторлар мен словакиялық іскер топ өкілдерін жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға шақырды. Өнеркәсіп, энергетика, ауыл шаруашылығы, әскери-өнеркәсіптік кешен сияқты және басқа да ынтымақтастық пен экономикалық дамуға негіз болатын ұзақмерзімді байланыстарды жандандырудың перспективалы бағыттары айқындалды. Қазақстан жүзеге асырып жатқан Су серіктестігі бастамасы аясында су ресурстарын басқару саласында тәжірибе алмасу маңызды, соған сәйкес, су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту, заманауи ирригациялық және тағы басқа да жүйелерді енгізу көзделген.
Сондай-ақ Қазақстанда IT мамандар үшін жасалған жағдайға назар аударылды. Astana Hub халықаралық технопаркі бүгінде 1,5 мыңнан астам стартапты, оның ішінде Google, Microsoft сияқты басқа да әлемдік технологиялық көшбасшыларды қолдайды. Словакияның инновациалық IT секторы цифрлық экожүйеге негізделген стартаптарды іске асыруға шақырылды.
Форум жұмысын аяқтай отырып, Қазақстан мен Словакия премьер-министрлері жан-жақты өзара тиімді әріптестікті сапалы түрде кеңейтуге берік ұстанымдарын білдірді.