Қазақстанда жер сілкінісі 2023 жылмен салыстырғанда 2024 жылдың бірінші айында екі есе көп тіркелді.
ERNUR.KZ. Қазақстан жер сілкінісінің саны бойынша рейтингіде 58 орынға көтеріліп, 100 елдің ішінде алтыншы орынға жайғасты, деп жазады sputnik.kz.
Агенттік мәліметінше жыл басынан бері республикада 123 жер сілкінісі тіркелген. Ең жоғары магнитуда 7 балл – бұл осы жылдың қаңтар айының соңында Алматыда болған жер сілкінісі. 2023 жылы Қазақстанда небәрі 55 жер сілкінісі тіркеліп, ең жоғары магнитуда 5,3 болды.
Қазақстандағы соңғы жер сілкінісі 2 ақпан күні таңертең Таразда тіркелді, оның магнитудасы 4,4 балды құрады.
Естеріңізге сала кетейік, қаңтардың 24-не қараған түні алматылықтар күшті жер сілкінісін бастан өткерді. Ғимараттар мен адамдар ауыр зардап шекпесе де, бұл оқиға халықтың және мемлекеттің осындай төтенше жағдайларға дайын еместігін көрсетті.
Ranking.kz компаниясы әлемдегі және Қазақстандағы әртүрлі жылдарда болған жер сілкінісінің статистикасын жинақтады. Мысалы, Statista мәліметі бойынша, 2000-2023 жылдар аралығында әлемде магнитудасы 5 және одан да көп 42,3 мың жер сілкінісі тіркелген.
Ең көп жер сілкінісі болған кезеңдер:
2011 жылы – 2,5 мың,
2010 жылы – 2,4 мың,
2007 жылы – 2,3 мың,
2021 жылы – 2,2 мың,
2009 жылы – 2,1 мың.
"Жер сілкінісінің ошағын табу және тіркеу үшін қолданылатын технологиялар ХХ ғасырдан бері жетілдірілді. Бірақ ғалымдардың жер сілкінісін болжау мүмкіндігі әлі де айтарлықтай шектеулі", - делінген хабарламада.
2023 жылдың ақпан айында Түркия мен Сирияда болған жер сілкінісі қаза тапқандар саны бойынша ең жойқын болып саналады. Ол 62 мың адамның өмірін қиды. Магнитудасы 7,5-7,8 балл болды.
Сондай-ақ 2023 жылдың қыркүйегінде Мароккода 6,8 балдық жер сілкінісі 3 мыңға жуық және қазан айында Ауғанстанда 6,3 балдық жер сілкінісі 1,5 мыңға жуық адамның өмірін қиды.
"Earthquakelist.org сайтының мәліметі бойынша 2024 жылдың 2 ақпанындағы жағдай бойынша ең көп жер сілкінісі Жапонияда болды: 204 жағдай, ең жоғары магнитудасы – 7,5 балл. Одан кейін Мексика (180 жағдай, ең жоғары магнитудасы – 6,1), Индонезия (169 жағдай, ең жоғары магнитудасы – 5,6) тұр. Жер сілкінісі Қытайда, Қырғызстанда, Қазақстанда, Филиппинде, Чилиде, Гватемалада және Перуде де жиі болды", - делінген хабарламада.
Earthquakes.zone мәліметі бойынша соңғы жүзжылдықта 9,6 балдық әлемдегі ең күшті жер сілкінісі 1960 жылы 22 мамырда Чилиде тіркелген.
Қазақстанда ең жойқын жер сілкінісі 1911 жылдың 3 қаңтарында болды. Магнитудасы 7,8 балды құрады. Бұл зілзала барлық мемлекет арасында 23-ші орында тұр. Жер сілкінісі шамамен 4 миллион шаршы шақырым аумақта сезілді. Геолог Богдановичтің айтуынша, жер сілкінісінен 452 адам қаза тауып, 740 адам жараланған, 1094 үй мен 4545 киіз үй қирап, 13 мыңға жуық мал қырылған.