Қазақстанда 1 қыркүйектен бастап не өзгереді

0
131

Білім саласындағы бірқатар өзгерістер күшіне енеді.


Қазақстанда 1 қыркүйектен бастап не өзгереді

© Sputnik/Ертай Сарбасов

ERNUR.KZ. Биыл Білім күні тағы демалысқа түсіп отыр. Сондықтан жаңа оқу жылы 2 қыркүйекте басталады. Мектепте тамақ мәзірі де өзгереді. Ал студенттердің стипендиясы екі есе өседі. Мобильді аударымдар мен кредитке қатысты түзетулер күшіне енеді, деп жазады Sputnik Қазақстан.
Жаңа оқу жылы бір күнге кеш басталады
1 қыркүйекте Білім күні аталып өтеді. Бірақ биыл Конституция күніне байланысты берілген тағы бір демалыс күні 1 қыркүйекке түсіп тұр. Сондықтан барлық мектептерде жаңа оқу жылы 2 қыркүйекте басталады. Ал бірінші сыныпқа баратын балалар үшін 1 қыркүйекте алғашқы қоңырауды өткізуге рұқсат беріліп отыр.
Жаңа оқу жылында 4,1 миллион оқушы мектепке барады. Олардың ішінде 341 мың бала партаға алғаш рет отырады. Бүгінде каникулдың кестесі де бекітілген.

Мектепте тамақ мәзірі өзгереді

Жаңа оқу жылынан бастап барлық мектепте тамақтанудың жаңа стандарты енгізіледі. Негізгі талаптар:
қанттың мөлшерін 3,5 есе азайту;
тұздың мөлшерін 2-5 есеге төмендету;
көкөніс, жеміс-жидек пен сүт өнімдерінің санын арттыру.
Ал мектеп буфеттерінде жеңіл сіңетін көмірсуларға, атап айтқанда, гамбургер, чебурек сияқты фастуфтқа тыйым салынады. Тәтті сусындар да сатылмайды. Бұған дейін денсаулық сақтау министрлігіүлгілік мәзірді енгізудің негізгі себебін жариялаған болатын.

Буллингке қарсы бағдарлама

1 қыркүйекте барлық мектеп пен колледжде алғаш рет буллингке қарсы "ДосболLIKE" профилактикалық бағдарламасы енгізіледі. Соның аясында арнайы антибуллингтік топтар мен кейінгі бақылау шаралары да қолға алынады. Бағдарлама "шағым → талдау → көмек жоспары → қадағалау үлгісі" тәртібі бойынша жұмыс істейді. Ол мыңдаған педагог, психолог және білім беру жүйесінің қызметкерлері оқытылды.
Бұдан бөлек, жаңа оқу жылынан бастап мемлекеттік және жекеменшік мектептерде тәрбие жұмысы "Адал азамат" атты біртұтас бағдарлама негізінде жүргізіледі.

Президент жолдау жасайды

2 қыркүйекте парламент депутаттары жұмысқа шығады. Ол күнге палаталардың бірлескен отырысы жоспарланған. Бірақ президенттің жолдауы бір апатадан кейін ғана жарияланады. Оған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға барып келеді.
Бұған дейін мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов қандай проблемалық мәселелерді шешуге басымдық берілетінін айтқан.

Стипендия екі есе өседі

Биыл студенттердің шәкіртақысы тағы көтеріледі. Магистранттар мен докторанттар да стипендияны көбірек алады.
бакалавриат – 52 372 теңге;
педагогикалық мамандықтар - 84 000;
магистратура - 117 098 теңге;
докторантура - 262 500 теңге.

Мобильді аударымдардың сомасы бақылауға алынады

Қыркүйек айынан бастап мобильді аударымдардың сомасына қатысты талап күшіне енеді. Бүгінде үш ай қатарынан 100 мобильді аударым алған адамдарға қатысты ақпарат салық органдарына жіберіледі. Қаржы министрлігі мен ұлттық банк қосымша талапты енгізуге шешім қабылдады. Оған сәйкес, үш ай қатарынан 12 ең төменгі жалақыдан, яғни, 1 млн 20 мың теңгеден асатын мобильді аударымдар ғана бақылауға алынады.

Колледждер тегін оқытады

Жаңа оқу жылында барлық кәсіптік-техникалық колледждер сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін білім беруге кіріседі. Осылайша, 9-сынып түлектері ақысыз біліп алып, қажетті мамандықпен еңбек нарығына шыға алады.
Ресми мәліметке сәйкес, биыл сұранысқа ие техникалық және кәсіптік мамандықтар бойынша 153 мың студент тегін оқуға мүмкіндік алады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 мың орынға артық. Мемлекеттік тапсырыстың 70%-і машина жасау, көлік, энергетика, IT, құрылыс және басқа да техникалық салаларға бағытталады.

Кредитті ерте жапқандар айыппұл төлемейді

Осы айдан бастап жеке тұлғалар кредитті кез келген уақытта айыпақы төлемей мерзімінен бұрын өтей алады. Бұл норма барлық шартқа, оның ішінде бұрын жасалған шарттарға да қолданылады. Алайда өзгерістер күшіне енгенге дейін төленген айыппұл мен айыпақы қайтарылмайды. Бұдан былай кредитті ерте жапқаны үшін айыппұлды тек заңды тұлғалар төлейді.

Тұтынушылық кредитті беру тәртібі өзгереді

Жақында алаяқтық жолмен ресімделген кредиттерді есептен шығару тәртібіне маңызды өзгерістер енгізілді.
Бұдан былай кепілсіз тұтынушылық кредитті алғаш рет алатындар банк бөлімшесіне немесе микроқаржы ұйымына міндетті түрде өздері баруы қажет. Ондай кредиттердің ең төменгі мөлшерін де агенттік айқындайды. Сондай-ақ, 21 жасқа толмаған және 55 жастан асқан азаматтардың жекелеген санаттарына олардың келісімі алынғаннан кейін ғана кепілсіз тұтынушылық кредиттер беріледі. Бұл өзгерістер қыркүйек айынан бастап күшіне енеді.

Зейнетақы автоматты түрде тағайындалады

1 қыркүйектен бастап Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін зейнетақы автоматты түрде тағайындалатын болатын. Осыдан кейін өтініш жазудың қажеті жоқ. БЖЗҚ барлық мәліметтерді "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының базасымен салыстырып отырады. Осылайша, зейнет жасқа келген адамның әлеуметтік төлемі есептеліп, бірден есепшотына түсетін болады.