Қазақстанда 1 миллионға жуық азамат жасанды интеллект бойынша оқудан өтті

0
66

ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Мемлекет басшысының цифрлық және ЖИ-экономиканы құру үшін мамандарды даярлау жөніндегі тапсырмасының іске асырылу барысы туралы хабарлайды.


Қазақстанда 1 миллионға жуық азамат жасанды интеллект бойынша оқудан өтті

ERNUR.KZ. «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан» атты Жолдауында Президент ЖИ саласында мамандарды жүйелі даярлаудың және цифрлық білім беруді дамытудың маңыздылығын атап өткен болатын. Осы міндеттерді іске асыру аясында ЖИ және цифрлық дағдыларды дамытуға бағытталған 5 жылдық оқыту бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. 2025 жылдың қорытындысы бойынша 900 мыңнан астам азамат сала бойынша білім алып, оқу мен жұмысқа қажетті базалық және қолданбалы құзыреттерді меңгерді, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

Азаматтар қызығушылығының жоғары деңгейде болуы бастамалардың өзектілігі мен сұранысқа ие екенін көрсетеді. Оқыту бағдарламасы ЖИ мен цифрлық қызметті пайдаланудан бастап, IT-мамандарды даярлау мен ұйымдардың бизнес-үдерістеріне ЖИ-ді енгізуге дейінгі бағыттарды қамтиды.

«Мақсатымыз – ЖИ-дағдыларын оқушылар мен студенттерге, педагог, мемлекеттік қызметшілер және компания қызметкерлеріне, яғни баршаға қолжетімді ету. Атқарылған жұмыс нәтижесі адамдардың сала бойынша білім алып, ЖИ-ді тәжірибе жүзінде қолдануға дайын екенін көрсетіп отыр. Біз технологияларды пайдалы әрі қауіпсіз қолдану ережелерін сақтай отырып, бағдарлама аясын кеңейтуді жалғастырамыз», – деп атап өтті Министрлік өкілдері.

Бағдарлама азаматтардың ЖИ сауаттылығы, IT саласындағы мамандарды даярлау, мемлекеттік аппарат құзыретін арттыру, ұстаздарды қолдау, жасөспірімдерді тарту, сондай-ақ ұжымдық деңгейде ЖИ-ді енгізу сияқты бірнеше деңгейден тұрады.

Негізгі бағыттары:

1) Мамандарды даярлау (мамандық және еңбек нарығы)

Tech Orda – сұранысқа ие болатын IT-мамандарды даярлауға арналған бағдарлама, оқу құны бір студент үшін жартылай немесе 500 мың теңгеге дейін толық өтеледі.

  • Бағдарлама аясында 9 000-нан астам студент білім алды.
  • 2025 жылы 34 000-нан астам өтінім түсіп, іріктеу нәтижесінде 2 600-ден астам қатысушы оқуына кірісті.

Толығырақ: https://astanahub.com/ru/techorda/course/

Tomorrow School – peer-to-peer үлгісіндегі Қазақстандағы алғашқы ЖИ мектебі (командалық жұмыс пен өзара көмекке негізделген).

  • 9 іріктеу кезеңі өткізілді, өтінім саны - 17 879.
  • Қазіргі таңда Қазақстан, АҚШ, Ресей, Өзбекстан және Әзербайжаннан 350-ден астам студент білім алуда.
  • Оқу ұзақтығы – 18 ай, студенттер 50-ден астам жоба дайындап, 20-ға дейін бағдарламалау тілін меңгереді.

Толығырақ: https://tomorrow-school.ai

TUMO Astana (alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығында) – 12–18 жас аралығындағы жасөспірімдерге арналған тегін оқыту бағдарламасы. Мұнда білім алушылар бағдарламалау, дизайн, креативті технология, генеративті ЖИ-ді меңгереді.

  • 2 361 өтінім тіркеліп, 1 134 оқу шарты жасалды.
  • Оқу 2026 жылғы ақпанда басталады.
  • TUMO - халықаралық деңгейде мойындалған қосымша білім беру моделі: білім алған және бағдарламаны меңгеріп жатқан белсенді азамат саны 100 мыңнан асады, 16 қалада 18 орталығы бар.

Толығырақ: https://astana.tumo.kz

3) Университеттер мен студенттер: ЖИ-құзыреттері және стартап-ойлау

AI Sana - ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолданбалы ЖИ-дағдылар мен стартап-құзыреттерді дамытуға бағытталған бағдарламасы.

  • Нәтижесінде 650 мыңнан астам студент сертификат алды.

4) Мемлекеттік басқару: ЖИ арқылы тиімділікті арттыру

AI Qyzmet - мемлекеттік қызметшілерге арналған бағдарлама. Ол ақпаратты талдау, жоспарлау, презентация дайындау, тапсырмаларды автоматтандыру, басқарушылық шешімдерді қолдау және көпшілік алдында сөйлеу секілді негізгі тақырыптарды қамтиды.

  • Оның аясында 50 мыңнан астам мемлекеттік қызметші оқудан өтті.

5) Мектептер мен ұстаздар: ЖИ - оқыту құралы

  • 300 мыңға жуық мұғалім білім беру үдерісінде ЖИ-ді қолдануды үйренді.

6) Бизнес: ЖИ-ді нақты үдерістерге енгізу

AI Corporate – компаниялар мен қызметкерлерге арналған ЖИ-ды нөлден меңгеріп, бизнес-үдерістерге енгізу бағдарламасы (автоматтандыру, талдау, басқару тиімділігі).

  • Алғашқы тегін оқу легі 2026 жылғы ақпанда басталады.
  • Өтінім 2026 жылғы 15 қаңтарға дейін қабылданады.

Толығырақ: https://baitc.org/aipeople?utm_source=pr&utm_mediu...

7) Ашық онлайн-бағдарламалар: ЖИ-дағдыларға жаппай қолжетімділік

QazCoders – БАӘ-мен әріптестікте Udacity платформасында іске қосылған бағдарлама (жас шектеусіз).

  • 2025 жылы 5 647 өтінім түсіп, 1 619 адам оқуын аяқтады.

Толығырақ: https://astanahub.com/ru/l/qazcoders

«ЖИ негіздері: ChatGPT» курсы (AI Sana Lerna-мен біріктірілген) - 4 модуль, 51 бейнесабақтан тұрады. Skillbox платформасында (тегін) қолжетімді; курс нейрожелі көмегімен қазақ тіліне аударылған.

  • 322 645 өтінім түсіп, 186 043 адам білім алды.

Толығырақ: https://astanahub.com/ru/article/astana-hub-zapusk...

«Деректерді талдау негіздері және Python» курсы (Яндекс Практикум) – қазақ және орыс тілдеріндегі тегін онлайн-курс.

  • 2025 жылы 3 083 өтінім түсіп, шамамен 150 адам курсты аяқтады.

Толығырақ: https://practicum.yandex.kz/data-analysis-basic/

Ел бойынша 19 өңірлік IT-хаб жұмыс істейді, онда кез келген азамат цифрлық дағдыларды тегін меңгеріп, практикалық дайындықтан өте алады. Онлайн форматтар тұрғылықты жеріне қарамастан оқуға мүмкіндік береді.

Азаматтар белсенділігінің жоғары болуы мен қатысу ауқымы бағдарламаның өзектілігін дәлелдейді. Қазақстан цифрлық экономикаға өту үшін жүйелі түрде ЖИ-сауаттылықты арттырып, кадрлық резервті қалыптастырып келеді. Министрлік білім беру, мемлекеттік басқару және бизнес салаларындағы нақты міндеттерді орындау мақсатында осы бағыттағы ауқымды жұмысты одан әрі жалғастырады.