Қазіргі уақытта Қазақстанда халқы 50 адамнан төмен 500-ге тарта ауыл бар.
ERNUR.KZ. Қазақсандағы 6,5 мың ауылдың 3,5 мыңында халық саны 500 адамнан аз. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында «Ауыл - ел бесігі» жобасы туралы сөз қозғаған Ұлттық экономика вице-министрі Ермек Алпысов мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.
«Қазақстанда 6,5 мың ауылды елді мекен бар. Оның ішінде 3,5 мың ауылдың халық саны 500 адамнан аз. Қазіргі уақытта Қазақстанда халқы 50 адамнан төмен 500-ге тарта ауыл бар. Әрбір саланың стандарттары бар. Мысалы, егер бала саны 15-тен төмен болса, ол ауылда бастауыш мектеп жабылады. Сол себепті, дамымай отырған ауылдарда әлеуметтік нысандарды салудың қажеті жоқ шығар деп ойлаймын. Ол жерге 200-300 млн теңге тұратын су жүйелерін тартуға мүмкіндік жоқ», - деді Ермек Алпысов.
Вице-министрдің айтуынша, әрбір өңірлерде өзіндік жоспар-жобалар бар. Негізінен аймақтарда ауылдар басқа іргелі ауылдарға қосылу жолымен жойылып барады.
«Кейбір халқы аз ауылдардың балалары басқа ауылдағы мектепке барып оқиды. Кей жерлерде жаңадан интернаттар ашылып жатыр. Бұл - өмір. Өмірдің өзіндік талабы да сондай. Егер дамымайтын болса, ол ауылдар ақырындап жабылады. Бірақ, ол ауылдарды біздің барынша қолдауымыздың арқасында, жергілікті бюджет арқылы аудан орталығына немесе ауылдық округ орталығына көшіру мәселесі шешілуде», - дейді ол.
Ермек Алпысов өз сөзінде қазіргі уақытта елімізде 100-ден астам ауылдық елді мекеннің құру қаупі барын атап өтті.
«Ол жерде әлеуметтік нысандар - мектептер мен фельдшерлік пункттер жабылуы мүмкін. Кейбір жерде мектептер жабылып та қалды. Бірақ, адамдар әлі тұрып жатыр. Ол жерге жергілікті әкімдіктер арқылы балаларға жағдай жасалуда. Ауыл әкімдіктеріне тасымалдау көлігіне қаражат бөлу қарастырылған», - дейді вице-министр.
Оның айтуынша, «Ауыл - ел бесігі» жобасы шеңберінде 2019 жылы Қазақстанда 52 аудан орталығы жаңғыртылып, бұл жақын жылдары 700 мың ауыл тұрғынының өмірін өзгертуге мүмкіндік береді.