Жаңа талаптар тек мемлекеттен тұрғын үйді жалдау ақысының 50%-ын субсидия ретінде алатын әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға қатысты болмақ.
Фото: multi-admin.ru
ERNUR.KZ. Биыл 12 шілдеден бастап Қазақстанда жалға берілетін тұрғын үйлерге кешенді мониторинг жүргізіледі. Әкімдіктер мен Отбасы банк қызметкерлері жалдамалы пәтерлерді жаппай тексереді. Осылайша, жалған жалға алушыларды анықтап, бюджеттен бөлінетін субсидиялардың заңсыз игерілуінің алдын алмақ, деп жазады stan.kz.
Тексерістен кімдер өтеді?
Жаңа талаптар тек мемлекеттен тұрғын үйді жалдау ақысының 50%-ын субсидия ретінде алатын әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға қатысты болмақ. Олардың қатарында көпбалалы отбасылар, жетім балалар, I және II топтағы мүгедектігі бар адамдар, сондай-ақ ерекше қажеттілігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасылар бар.
Мемлекеттік субсидия алу үшін негізгі талаптардың бірі – отбасы мүшесінің орташа айлық табысы бір күнкөріс деңгейінен аспауы тиіс. 2026 жылы бұл көрсеткіш – 50 851 теңге.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, тұрғындардың нақты тұрып жатқан жерін бақылау бұған дейін де жүргізілген. Алайда енді мұндай тексерулер тұрақты әрі жүйелі түрде өткізіледі. Жаңа жүйенің ерекшелігі – нақты уақыт режиміндегі толық цифрлық бақылау. Ол үшін Отбасы банк пен министрліктің ақпараттық базалары толық біріктірілген.
Тексерістің мақсаты – жалған жалдау шарттарын рәсімдеу арқылы мемлекеттік субсидияны заңсыз алуға жол бермеу және бюджет қаражатының мақсатсыз жұмсалуын тоқтату.
Жаңа талаптардың кімдерге қатысы жоқ?
Нарықтық негізде пәтер жалдап немесе жалға беріп жүрген азаматтардың алаңдауына еш негіз жоқ. Егер тұрғын үй мемлекеттік субсидиясыз жалға берілсе немесе жалға алынса, мұндай тексерулер жүргізілмейді.
Сондай-ақ тексерушілер тұрғын үйге рұқсатсыз кіріп, тінту жүргізе алмайды. Тұрғын үйге қол сұқпаушылық жөніндегі конституциялық құқық сақталады. Сондықтан барлық тексерулер заң талаптарына сай, тұрғындардың келісімімен ғана жүргізіледі.
Жылжымайтын мүлік нарығындағы жаңа өзгерістер
Бұл тексерулер Қазақстандағы жылжымайтын мүлік нарығын реттеуге бағытталған кең ауқымды шаралардың бір бөлігі саналады. Бұған дейін Отбасы банкінің басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова кейіннен сату немесе жалға беру үшін мегаполистерде бір және екі бөлмелі пәтерлерді жаппай сатып алатын инвесторларға жоғары салық мөлшерлемесін енгізуді ұсынған болатын.
Сонымен қатар жылжымайтын мүлікпен жасалатын мәмілелерде қолма-қол ақшаны пайдалануға толық тыйым салу мәселесі де қарастырылып жатыр. Бұл тараптардың салықтан жалтару мақсатында келісімшарттағы пәтер құнын әдейі төмендетуіне тосқауыл қоюға мүмкіндік береді.
Сарапшылардың пікірінше, бұл өзгерістердің жанама салдары болуы мүмкін. Бірнеше пәтері бар меншік иелері салық көбейсе, жалдау бағасының көтеруі ықтимал. Өйткені пәтер иелері қосымша шығынды жалдау ақысына қосып, оны жалға алушылардың мойнына жүктеуі мүмкін.


