Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында облыс орталықтарында демеушілік қаражат есебінен футбол ареналарын салу және қайта жаңарту жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр.
Фото: pixabay.com
ERNUR.KZ. Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Қазақстанда 14 жаңа үлкен стадион салу жолспарымен бөлісті. Айтуынша ел аймақтарындағы мұндай стадиондар халықаралық стандартқа сай болады, деп жазады stan.kz.
Министрдің айтуынша, мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында облыс орталықтарында демеушілік қаражат есебінен футбол ареналарын салу және қайта жаңарту жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр.
“Мәселен, Қызылорда қаласында 11 мың көрерменге арналған жаңа стадион пайдалануға берілген. Ол УЕФА талаптарына сай заманауи жабынмен жабдықталған. Астанада 3 600 орындық стадионның құрылысы жалғасуда, оны 2026 жылдың бірінші тоқсанында аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар 14 жаңа стадион салу қажеттілігі бар. Оның 10-ы бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр”, – деді Ербол Мырзабосынов.
Бұдан бөлек, жұмыс істеп тұрған 7 футбол стадионы қайта жөндеуден өтеді. Қарағанды мен Орал қалаларында жөндеу жұмыстары басталған, Атырау мен Ақтауда жобалық-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алған. Ал Өскеменде сараптама жүргізілуі күтілуде.
Сондай-ақ Алматы мен Жезқазған қалаларындағы екі стадион бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу қажет.
Қазіргі таңда Қазақстанда жалпы 7 432 футбол алаңы бар. Олардың 1 420-сы жөндеуді қажет етеді. Ал қосымша 1 694 алаңға сұраныс бар.
“Осыған байланысты министрлік балаларға арналған футбол алаңдарын салу жоспарын бекітті. Қазіргі уақытта жергілікті бюджеттер мен жеке инвестициялар есебінен 685 жоба жүзеге асырылып жатыр”, – деді министр.
                        
                        
                    
