Қазақстанда 2020 жылдан бастап балаларға дәрі-дәрмек тегін беріледі

0
1 065

Аталған жоба Қарағанды облысында пилоттық режимде жүзеге асырылуда.


Қазақстанда 2020 жылдан бастап балаларға дәрі-дәрмек тегін беріледі

ERNUR.KZ. Келесі жылдан бастап Қазақстанда 18 жасқа толмаған балаларға дәрігер жазып берген дәрі-дәрмек тегін берілетін болады. Мұндай қолдау 1 қаңтардан бастап енгізілетін әлеуметтік медициналық сақтандырудың аясында қарастырылған, деп жазады Stan.kz.

Аталған жоба Қарағанды облысында пилоттық режимде жүзеге асырылуда.
Әсия Сауытбекқызы – көпбалалы ана. Отбасы үйінің жанында жекеменшік клиника ашылғалы бері мемлекеттік емханадан бас тартқан. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілгеннен кейін, жекеменшік медициналық мекемелер тұрғындармен мемлекеттік тапсырыс аясында жұмыс істейтін болады.

«Біріншіден, жақын тұрамыз. Сонымен қатар бұл жерде әр саланың өз маманы бар. Дәрігерлер көңілімізден шығады. Сондықтан осы жерге қаралып жүрміз», - дейді көпбалалы ана.

Дәрігерлер медициналық сақтандыру енгізілгеннен кейін тұрғындар өз денсаулығына бей-жай қарамайтын болады деп үміттенеді. Яғни, мемлекеттік жарна пациенттерді дәрігерге қаралуға ынталандырады. Бұл жекеменшік клиникалар үшін де тиімді.

Қазақстандықтар медициналық сақтандыру қорына 215 млрд теңгеге жуық қаржы аударған. Қазіргі уақытт тұрғындар үшін бұл төлемді жұмыс берушілер төлеп отыр. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмысшылардың жалақысынан 1 пайыз аударылатын болады. Ал жеңілдік қарастырылған 15 санаттағы тұрғындар үшін мемлекет төлейді. Олар – зейнеткерлер, мүгедектер, жұмыссыздар және тағы басқалары.

«Егер әйел адам жұмыс істемесе, жеңілдік қарастырылған санатқа енбесе, яғни үйде отырса, онда жарнаны өзі аударуына мүмкіндік бар. Егер ол мемлекет өзі үшін төлегенін қаласа, уәкілетті органға барып, жұмыссыз ретінде тіркелуі тиіс», - дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының» халықпен жұмыс бойынша департаментінің аға менеджері Гүлзия Тайыпова.

МӘМС енгізілгеннен кейін, қазақстандықтарға медицинаның әр саласының маманы қолжетімді болады. Мұндай қызметтерге қаржы 5 есе көп бөлінбек. Қаржы көлемі 27 млрд теңгеден 148 млрд теңгеге жетеді. Сонымен қатар балаларға арналған дәрі-дәрмек тегін болады.

«18 жасқа толмаған балалар ауырып қалған жағдайда, МӘМС пакетінің аясында дәрі-дәрмекпен толықтай қамтамасыз етіледі», - дейді Гүлзия Тайыпова.