Бұл шара Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтары жылы аясында өтетін негізгі іс-шаралардың біріне айналмақ.
Биыл алғаш рет түркітілдес елдер арасында болашақ жұмысшы мамандардың кәсіби шеберлігін арттыруға бағытталған TurkicSkills кәсіби шеберлік чемпионаты өтеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ ҚР Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Бұл шара Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтары жылы аясында өтетін негізгі іс-шаралардың біріне айналмақ. Бастама түркітілдес елдердің жастары мен студенттері арасында кәсіби шеберлікті дамыту мен ілгерілетуге, түрлі салалардағы үздік тәжірибелерді анықтауға, экономикасы өзара байланысқан елдермен инновациялық шешімдер бойынша тәжірибе алмасуға және оларды іске асыру үшін платформа құруға бағытталған.
Чемпионат Түрксой ұйымының 2025 жылғы мәдени астанасы болып таңдалған Ақтау қаласында өтеді деп күтілуде.
Анықтама үшін: WorldSkills қозғалысы кәсіби құзыреттіліктер мен дағдыларды жетілдіру үшін бірлесіп жұмыс істейтін 89 елді біріктіретін әлемдегі жұмысшы кәсіптерінің беделін арттырудың негізгі құралдарының бірі болып табылады. Қазақстан 2014 жылдан бастап WorldSkills International халықаралық қозғалысының толыққанды мүшесі болып табылады. 10 жыл ішінде елімізде 30 құзыреттілік бойынша 200-ге жуық өңірлік және 8 республикалық чемпионат өткізілді. Өткен жылы ұлттық құрама WorldSkills Lyon 2024 әлем чемпионатында ел тарихында үздік нәтижелерге қол жеткізіп, «Ұлттың үздігі» номинациясы бойынша 6 медаль мен марапатқа ие болды.