2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап Қазақстанда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер күшіне енді.
Фото: pixabay.com
ERNUR.KZ. Орал қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында жаңа жаза түрін — қоғамдық жұмыстарды қолдану туралы Қазақстандағы алғашқы шешім шығарылды, деп жазады inform.kz.
БҚО сотының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап Қазақстанда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер күшіне енді.
Бұған дейін аталмыш кодекстің 73-бабы 2-бөлігі тек қана баламасыз әкімшілік қамау түріндегі жазаны көздеген еді. Ал енді соңғы өзгерістерге сәйкес, балама ретінде — қоғамдық жұмыстар тағайындалуы мүмкін.
2025 жылғы 4 қыркүйекте сот азаматқа кодекстің 73-бабы 2-бөлігі бойынша 40 сағат қоғамдық жұмыстар жазасын тағайындады.
Сот талқысында белгілі болғанындай, құқық бұзушы мас күйінде зайыбына балағат сөздер айтып, отбасының тыныштығын бұзған. Бұл жағдай бірнеше рет қайталанған.
- Жазаны тағайындау кезінде сот жауаптылықты жеңілдететін мән-жайларды — тараптардың татуласуын, сондай-ақ құқық бұзушы мен жәбірленушінің қоғамдық жұмыстарды әділ жаза шарасы ретінде ерікті түрде қабылдағанын ескерді. Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ. Заңгерлер бұл оқиғаны тарихи прецедент деп атап отыр, өйткені енді Оралдағы әкімшілік істер тек қана жазалаумен шектелмей, тәрбиелік сипатқа да ие болады, - деп хабарлады ведомстводан.