Қазақстанда әскери қызметкерлер енді тұрғын үй төлемін тек баспанаға ғана емес, басқа мақсаттарға да пайдалана алады

0
132

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, өзгерістер 15 сәуірде күшіне енген.


Қазақстанда әскери қызметкерлер енді тұрғын үй төлемін тек баспанаға ғана емес, басқа мақсаттарға да пайдалана алады

ERNUR.KZ. Қазақстанда әскери қызметкерлер мен құқық қорғау органдары қызметкерлеріне арналған тұрғын үй төлемдерін пайдалану ережелері кеңейтілді. Енді бұл қаражатты баспана сатып алудан бөлек, жалға алу мен үлестік құрылысқа да жұмсауға болады, деп жазады stan.kz.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, өзгерістер 15 сәуірде күшіне енген.

"Күзет қызметі, тұрғын үй қатынастары және құқық қорғау қызметі мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" еліміздің заңында көзделген. Аталған заңды іске асыру мақсатында Үкіметтің 2026 жылғы 30 мамырдағы қаулысымен тұрғын үймен қамтамасыз етудің жаңартылған қағидалары бекітілді”, – делінген хабарламада.

Жаңа нормаларға сәйкес тұрғын үй төлемдерін енді:

  • тұрғын үй сатып алуға;
  • ипотекалық қарызды өтеуге;
  • тұрғын үй құрылыс жинақтарын толықтыруға;
  • кейіннен сатып алу құқығымен тұрғын үйді жалға алу төлеміне;
  • тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу кезінде жарналарды төлеуге де пайдалануға болады.

Сонымен қатар ведомство құжатпен бұрын қолданыста болған бірқатар шектеулердің де алынып тасталғанын алға тартты.

“Атап айтқанда, тұрғын үйді жалға алу үшін тұрғын үй төлемдерін пайдалану мерзіміне қатысты шектеу жойылды. Жалдау шартын міндетті мемлекеттік тіркеу талабы алынып тасталды. Тұрғын үйді жалға алу немесе сатып алу кезінде жақын туыстармен мәміле жасауға қойылған тыйым күшін жойды. Сондай-ақ тұрғын үй алаңының 90 шаршы метрге дейінгі мөлшеріне байланысты ағымдағы тұрғын үй төлемдерінің көлеміне қойылған шектеу де алынып тасталды”, – делінген хабарламада.

Жаңартылған қағидалар тұрғын үймен қамтамасыз ету шараларының қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Сонымен қатар әскери қызметкерлерге тұрғын үй жағдайларын жақсартудың қосымша тетіктерін ұсынады.

Тұрғын үй төлемдерін алушылар жыл сайын 25 қаңтарға дейін арнайы құжаттарды тапсыруы керек. Олар отбасы мүшелерінің атына тіркелген жылжымайтын мүліктің бар-жоғы туралы анықтама және арнайы шот бойынша банктік анықтама ұсынады.