Бүгінде электр құралдарын, пешпен жылыту жүйелерін орнату және пайдалану ережелері жиі бұзылады.
фото: Департамент полиции Акмолинской области
ERNUR.KZ. Республика бойынша "Ата-анаңның үйін тексер" арнайы акциясы басталды. Бұл туралы төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов мәлімдеді, деп жазады sputnik.kz.
Министрлер кабинетінің бүгінгі отырысында жылыту маусымы кезінде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі қаралды. Ресми мәліметке сәйкес, осы уақытта өрттердің 55 пайыздан астамы жеке тұрғын үйлерде орын алады.
"Ал өрт және газдан улану салдарынан қаза тапқандардың басым бөлігі - зейнеткерлер мен уақытша жұмыссыз азаматтар. Осыған байланысты зейнеткерлердің тұрғылықты жеріндегі өрт қауіпсіздігін анықтауға және жоюға бағытталған "Ата-анаңның үйін тексер" арнайы акциясы басталды", - дейді Мұханов.
Министрдің айтуынша, бүгінде әкімдіктер волонтерлермен бірлесіп, қариялар тұратын үйлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша атаулы көмек көрсетеді. Ал азаматтардың өтініштеріне жедел ден қою мақсатында жедел желі ұйымдастырылды.
Мұханов өрттің негізгі себептерін де атады. Бүгінде электр құралдарын, пешпен жылыту жүйелерін орнату және пайдалану ережелері жиі бұзылады. Соның салдарынан төтенше жағдайлар болып жатады.


