Қазақстанда автобус жүргізушілері жетпей жатыр - Көлік министрлігі

0
816

Марат Қарабаев өткен жылы бұл мәселелер бірқатар өңірде көтерілгенін айта келе, аталған сұрақ бойынша 2024 жылдың бірінші жарты жылдығында шешім қабылдау жоспарланғаны туралы айтып берді.


Қазақстанда автобус жүргізушілері жетпей жатыр - Көлік министрлігі

ERNUR.KZ Алматы облысының тұрғындары Көлік министрлігіне Қаскелең тас жолын кеңейту бойынша өтініш білдірді, деп жазады BAQ.KZ.



Алматы облысына жұмыс сапары барысында Көлік министрі Марат Қарабаев Қонаев қаласында облыс тұрғындарымен кездесу өткізіп, азаматтарды жеке қабылдады.

Облыс тұрғындары облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды жөндеу және реконструкциялау, жолдарды күтіп-ұстау және КАЖ-Сервис қызметі бойынша сауалдарын жолдады. Сондай-ақ Алматы маңындағы елді мекенде халық санының өсуіне байланысты тұрғындар «Алматы-Бішкек» тас жолының учаскесін Үлкен Алматы айналма автомобиль жолынан Қаскелең қаласына дейін кеңейтуді сұрады.

Кездесуге Алматы облысының кәсіпкерлері де қатысты. Жолаушылар тасымалымен айналысатын өңірлік кәсіпорындардың өкілдері саланы дамыту проблемаларын көтеріп, облыстық автобус парктері үшін техниканы жаңарту бағдарламаларына жеңілдетілген шараларды қарастыру, автобус жүргізушілері үшін қажетті жұмыс өтілін азайтуды және D санатындағы жүргізуші куәлігін алу үшін жас көрсеткішін төмендетуді сұрады.

Марат Қарабаев өткен жылы бұл мәселелер бірқатар өңірде көтерілгенін айта келе, аталған сұрақ бойынша 2024 жылдың бірінші жарты жылдығында шешім қабылдау жоспарланғаны туралы айтып берді. Алайда Мәжіліс депутаттары министрліктің бұл бастамасын қолдамай, ендігі кезекте мәселе қайта қолға алынып жатыр.

Біз бірінші жартыжылдықта Мәжіліс бұл өзгертулерге қолдау көрсетсе, тамыз айына дейін мәселе түбегейлі шешіледі деп үміттенеміз. Атап айтқанда, жас көрсеткіші 23 жасқа дейін азайып, D1 санаты үшін жүргізуші өтіліне қойылатын талап 3 жылдан 1 жылға дейін төмендейді. Әлбетте, мұнымен мәселе толықтай шешілмейді, дегенмен алғышарттары бар. Талдау жұмыстары көрсетіп отырғандай, 2014 жылға дейін D санаты бойынша 3 жыл көлемінде 84 мың адам оқыған. Талаптар қатаңдатылғаннан кейін автобус жүргізушісі біліктілігі бойынша оқитындардың саны 4 мың адамға дейін қысқартылған. Бұл өте аз. Аталған көрсеткіштерді көрсеткен кезде халық қалаулылары да түсіністік танытып, қолдау көрсетті, - деп жауап берді министр.

Жүк автотасымалдау саласының өкілдері жүк автомобильдерінің артық салмағын бақылауды күшейтуді және халықаралық жүк тасымалдарын жүзеге асыру үшін шетелдік рұқсат бланкілерін беру жүйесіндегі әділетсіздік мәселелерін талқылауды ұсынды.

Сөз кезегінде министр ведомство тарапынан жақын арада шетелдік рұқсат бланкілерін заңсыз қайта сатуға тосқауыл қойылатыны туралы айтты.

Аталған механизмнің айналасында көлеңкелі бизнеске жол берілді. Бланкілерді сату комитет қызметкерлері тарапынан емес, біркөлік компаниясының екіншісіне сатуы арқылы жүзеге асады. Алматыда екі рет ашық талқылау өткіздік. Әдетте жылдың басында барлық бланкінің 50 пайызын алатын адамдар тағы алғылары келеді. Әлбетте, бұл дұрыс емес. Сондықтан біз әдістемені өзгерткіміз келеді», - деді көлік ведомствосының басшысы.

Оның айтуынша, бірінші кезекте министрлік басымдық принципін жояды, осылайша бланкілерді тек нақты жүгі бар кез келген адам ала алады. Оған қоса, бланкілерді қайта сатуды болдырмау үшін рұқсат қағаздары жеке атаулармен берілмек.

Ұзақ уақыт бойы көлеңкелі нарықта жүрген адамдардың қолға алынған бұл шаралармен келіспейтіндіктері түсінікті, әрине. Алайда бастаған жұмысты соңына дейін жеткізуге ниеттіміз. Себебі қай істе болсын тәртіп болуы керек. Бланкілерге шағын, орта және ірі компаниялар тең, яғни барлығы бірдей қолжеткізе алуы керек», - деп атап өтті М.Қарабаев.

Азаматтарды қабылдағаннан кейін министр Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы жұмысымен танысып, «Алматы – Ұзынағаш» жол учаскесіне барды. Бұдан әрі Көлік министрлігінің басшысы Шамалған станциясын айналып өтетін автожол учаскесін қайта жаңарту жұмыстарының барысын бағамдап қайтты.