Қазақстанда азық-түлік тапшылығы болмайды - АШМ

0
694

Вице-министр Нұрбек Дайырбеков азық-түлік қоры үнемі жаңартылып, толықтырылып отырады.


Қазақстанда азық-түлік тапшылығы болмайды - АШМ

ERNUR.KZ. 2020 жылдың 24 шілдесіндегі мәлімет бойынша республикада 708,5 мың тонна азық-түлік тауарларының қорлары бар. Бұл жайында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Нұрбек Дайырбеков мәлім етті, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

«Оның ішінде тұрақтандыру қорларында 33,1 мың тонна, өндіруші кәсіпорындарда – 209,5 мың тонна, қоймаларда – 154,6 мың тонна, сауда желілерінде – 311,4 мың тонна. Бұдан басқа 404 млн дана жұмыртқа және 2,1 млн тонна азық-түлік бидайы бар», - деді ол брифингте.

Оның айтуынша, Қазақстанда жақын аралықта азық-түлік тапшылығы болмайды.

«Қолда барын айтатын болсақ, тез бұзылатын өнімдер бойынша қор бір аптаға, басқасы бірнеше айға дейін жетеді. Азық-түлік өндірісі тоқтатылмайды және қор үнемі жаңартылып, толықтырылып отырады. Сондықтан азық-түлік тапшылығы жоқ және күтілмейді», - деді вице-министр.

2020 жылғы қаңтар-маусым кезеңінде азық-түлік өнімдерін өндіру көлемі ақшалай мәнде 904,1 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 19,4%-ға артқан. Мысалы, қайта өңделген күріш өндірісі 81,2%-ға (59,4 мыңнан 107,6 мың тоннаға дейін), картоптан басқа қайта өңделген және консервіленген көкөністер 49,3%-ға (6,9 мыңнан 10,2 мың тоннаға дейін), шұжық өнімдері 24,2%-ға (22 924-тен 28 467 тоннаға дейін), ет және ет-өсімдік консервілері 11,2%-ға (4 204-тен 4 676 тоннаға дейін), сары май 11,4%-ға (9 078-ден 10 116 тоннаға дейін), жармалар 10,6%-ға (40,2 мыңнан 44,5 мың тоннаға дейін), тазартылған және тазартылмаған өсімдік майы 9,5%-ға (211,9 мың тоннадан 231,9 мың тоннаға дейін) ұлғайған.

2020 жылдың бірінші жарты жылдығында шаруашылықтың барлық санаттарындағы ірі қара мал саны 4,5%-ға (9 030,9 мың басқа дейін), ұсақ мал (қой мен ешкі) 2,0%- ға (25,0 млн басқа) дейін өскен.