Қазақстанда бала асырап алу жөніндегі ұлттық агенттік құрылады

0
1 605

Елімізде жалпы 5337 жетім бала бар екен.


Қазақстанда бала асырап алу жөніндегі ұлттық агенттік құрылады

ERNUR.KZ. Елімізде бала асырап алушыларға көмектесетін агенттік құрылады. Бұл туралы «Аналар үйі» қоғамдық қорының басшысы Айдын Рахымбаев хабарлады, деп жазады baq.kz.

«Жақында Мемлекет басшысы бала асырап алу жөніндегі ұлттық агенттік құру туралы тапсырмаға қол қойды. 2 жыл бойы осыған қол жеткізе алмай келген болатынбыз. Бұл Мемлекет басшысының тапсырмасынан кейін жүзеге асты» деді Айдын Рахымбаев өзінің Facebook желісіндегі парақшасында.

Оның айтуынша, елімізде 122 мекеме, ал жалпы 5337 жетім бар екен.

«Алда көп жұмыс күтіп тұр. Бірақ бізге берілген жаңа дәреже бұл істі біраз жеңілдетпек. Егер бала асырап алу процесі жеңілдесе, еліміздегі балалар үйінің де саны азаймақ» - деді кәсіпкер.

Меценат бұдан былай бала асырап алу мәселесі министрліктер мен әкімдіктерден жаңа агенттікке тапсырылатынын жеткізді. Сонымен қоса жоба аясында 949 балаға жаңа отбасы табылғанын мәлімдеді.

«Әрине, мемлекеттік жүйені, сондай-ақ бірқатар заңды өзгерту керек. Президент қыркүйек айына дейін уақыт берді, ең бастысы, бюрократтар бұл жұмысты тоқтатпауы тиіс. Бірақ бұл жолы бізге кедергі келтіретін адамдардың іс-әрекетін жария ететін боламыз. Біз жауапсыз адамдардың кесірінен кем дегенде 2 жылдан астам уақытты босқа жоғалттық, ал балалар «Балалар үйінің» тұтқыны болып отыр. Ал әзірге біз асырап алуға ниет білдірушілерге көмектесуді жалғастырамыз! Бүгінгі күні балалар үйінде негізінен 5 жастан асқан және аға-інілері бар балалар қалады. Біздің қор бала асырап алушыларға оларды іріктеуге, құжаттарын рәсімдеуге де көмектеседі!» делінген қоғамдық қор басшысының парақшасында.

Сонымен қатар ол, бұрын қазақтарда жетімдер үйі деген болмағанын айтты.

"Бұрын қазақтарда ешқашан балаларды тастамайтын, балалар үйi болмайтын. Төмендегi картаға қарасаныздар, өкiнiшке орай, Солтүстiкте жетiм балалар саны көбiрек. Яғни, саны аз халыққа көбiрек жетiм балалар саны келедi. Бiрақ, қазақтар ешқашан ұлтқа бөлмейтiн. Сондықтан, басқа ұлт болғанымен, барлық бала - өзiмiздiң баламыз деп санаймын. Сол себептi, бұл мәселенi барлығымыз бiрiгiп шешеміз деп сенемiн. Қазақ жетiмдi жылатпаған!" - деді ол.