Қант пен тұзы көп тағамдарды тұтыну қант диабеті, жүрек-қантамырлары және онкологиялық аурулар сияқты жұқпалы емес дерттің өршуіне әкеледі.
Фото: Адлет Беремкулов/ Kazinform
ERNUR.KZ. 2025 жылдың 1 қыркүйегінен мектептерде жаңа Тамақтану стандарты енгізіледі. Осы орайда асханаларда қанты мен тұзы көп тағамдар болмайтыны хабарланды, деп жазады inform.kz. — ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ұсынған дерегіне сәйкес, ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2025 жылғы 4 наурыздағы бұйрығы аясында биылғы 1 қыркүйектен бастап білім беру объектілерінде Жаңа тамақтану стандарты күшіне енеді. Жаңа тамақтану стандарты дұрыс теңгерімді тамақтануға қойылатын халықаралық талаптарды ескере отырып, сондай-ақ Қазақ тағамтану академиясы сынды тамақтану саласындағы бейінді ұйым мамандарының қатысуымен және ЮНИСЕФ халықаралық ұйымының қолдауымен әзірленді, — делінген Денсаулық сақтау министрлігінің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Қант пен тұзы көп тағамдарды тұтыну қант диабеті, жүрек-қантамырлары және онкологиялық аурулар сияқты жұқпалы емес дерттің өршуіне әкеледі. Осыған орай, жаңа стандарт аталған ауруларға тосқауыл қоюға арналған.
— Жаңа стандарт қантты тұтыну деңгейін 3,6 есеге дейін, тұзды 5 есеге дейін азайтуды, сондай-ақ көкөністер, жемістер мен сүт өнімдерін тұтынуды арттыруға бағытталған. Бұл тұрғыда 6-дан 18 жасқа дейінгі балалар үшін қанттың тәуліктік нормасы жасына байланысты 15-21 грамм аралығын құрайды, бұл қолданыстағы нормалардан 3,3-4,7 есе аз (бес реттік тамақтану кезінде 70 грамм болған). Сондай-ақ балаларды бес рет тамақтандыратын мекемелер үшін тұздың нормалары 8-ден 3 грамға дейін, демек 2,7 есе азайды, — деп аталып өткен ведомство ақпаратында.