Photo : сайт акимата Нур-Султана / Александр Куприенко
ERNUR.KZ. Ұлттық статистика бюросы баспана бағасының есебін жариялады, деп жазады Sputnik Қазақстан.
Биыл тамыз айында тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 41 380 мәміле тіркелген. Соның ішінде 8 527 жеке үй және 32 853 пәтер бар. Шілде айымен салыстырғанда мәмілелердің саны 4,1%-ға өсті. Бір жылдық өсім 1,3 процентті құрап отыр.
Баспана көп сатылатын өңірлер:
Астана - 9 457 мәміле (22,9%);
Алматы - 8 402 (20,3%);
Қарағанды облысы - 2 923 (7,1%).
Тамызда ең аз мәміле Ұлытау облысында тіркелген. Ол жақта бір айда небәрі 283 үй сатылған.
Бір жылда жаңа тұрғын үйлердің бағасы 11,3 процентке, ал қолданыстағы пәтерлердің құны 8,8 процентке көтерілді. Тұрғын үйді жалға алу төлемі де 8,5 процентке өскен.
Республика бойынша жаңа үйдің орташа бағасы бір метрі үшін 538 534 теңге болса, дайын баспананың бір шаршы метрі 558 533 теңгені құрайды.
Өңірлерде жаңа үйлер бір жылда айтарлықтай қымбаттады. Олар:
Павлодар қаласында – 25,8%;
Қызылорда мен Алматы қалаларында – 15,3%;
Шымкентте - 14,8%.
Ал қолданыстағы пәтер нарығында бағаның ең жоғары өсімі Ақтөбе (20,2%), Павлодар (17,8%) мен Алматыда (16,6%) тіркелген.