Қазақстанда Бірыңғай құрылыс порталы іске қосылды

0
98

Қазақстандағы Бірыңғай құрылыс порталында құрылыстағы салалық жүйелердің сервистері, сондай-ақ құрылысқа қатысты ақпараттық ресурстар мен қызметтер біріктірілген.


Қазақстанда Бірыңғай құрылыс порталы іске қосылды

ERNUR.KZ. Портал туралы толығырақ ҚР ӨҚМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында баяндады.

Бүгінде қазақстандықтарға республика бойынша 89 қалада құрылысқа арналған бастапқы-рұқсат құжаттарының пакетін беру жөніндегі мемлекеттік қызметтер қолжетімді. Олардың қатарына сәулет-жоспарлау тапсырмасы, инженерлік желілерге қосылуға арналған техникалық шарттар, сондай-ақ эскиздік жобаны келісу кіреді.

Сонымен қатар құрылыс жобаларын әзірлеуді ұйымдастыру процестері де цифрлық форматқа көшірілді.

Салалық жүйелерді интеграциялау кезінде қолданылатын объектінің бірегей нөмірі арқылы қатысушылар арасындағы ақпараттық өзара іс-қимылдың ашықтығы мен үздіксіздігі қамтамасыз етіледі.

«Egov.kz бірыңғай авторизациясын енгізу арқылы «бір терезе» қағидаты қамтамасыз етілді, бұл пайдаланушыларға қайта авторизациядан өтпей-ақ жұмыс істеуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті спикер.

Оның айтуынша, ағымдағы жылдың 9 қаңтарында Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының жаңа Құрылыс кодексіне қол қойды. Комитет төрағасының сөзінше, Құрылыс кодексі аумақтардың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.