Қазақстанда биыл 224 лифтіні ауыстыру жоспарланған

0
288

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің төрағалығымен өткен жиында пайдалану мерзімі өткен лифтілерді ауыстыру қажеттігі де айтылды.


Қазақстанда биыл 224 лифтіні ауыстыру жоспарланған

ERNUR.KZ. Техникалық реттеу және метрология мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысында ұлттық техникалық регламенттерді, ЕАЭО техникалық регламенттерінің өтпелі ережелерін әзірлеуге, сондай-ақ мемлекеттік органдардың ведомствоаралық өзара іс-қимылына қатысты негізгі мәселелер талқыланды, деп жазады sputnik.kz.

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің төрағалығымен өткен жиында пайдалану мерзімі өткен лифтілерді ауыстыру қажеттігі де айтылды. Айта кетейік, 2025 жылдың 15 ақпанына дейін ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер егер паспортта қызмет ету мерзімі туралы ақпарат болмаса, 25 жылдан астам пайдаланылатын лифтілерді ауыстыруы тиіс.
Қазақстанның өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ақпараты бойынша, бүгінгі таңда жергілікті атқарушы органдар лифтілерді ауыстыру бойынша жұмыстар жүргізуде, осы жылы 224 лифтіні, ал келесі жылы 300-ден астамын ауыстыру жоспарланған.
“Лифт қауіпсіздігі” КО техникалық регламентінің нормаларын уақытылы қамтамасыз ету үшін жергілікті атқарушы органдар және ТЖМ аумақтық департаменттерімен бірлесіп техникалық реттеу жөніндегі өңірлік штабтар шеңберінде іске асырылатын нақтыланған жоспар-кестені әзірлеу туралы шешім қабылданды”, - деп хабарлады комитеттегілер.
Комиссия сондай-ақ Ахуалдық штаб жұмысы шеңберінде азық-түлік және өнеркәсіп тауарларына мемлекеттік бақылау қорытындыларын қарады. 2024 жылдың 7 айының қорытындысы бойынша шекара маңындағы сегіз өткізу пунктінде 14 776 автокөлік пен 164 613 тонна сүт және сүт өнімдері тексерілді. Күшейтілген бақылаудың нәтижесінде 242 көлік құралы қайтарылды. ЕАЭО-ның 27 өндірушісіне қатысты “күшейтілген зертханалық бақылаудың” 29 режимі енгізілді. Қазіргі уақытта 12 сүт өнімдерін шығарушыларға қатысты бақылау күшейтілген.
“Көлік құралдарына қатысты 1301 бірлескен тексеру жүргізілді, оның ішінде 74-і талаптарға сәйкес келмеді. Аккредиттелген зертханаларға жоспардан тыс тексерістер жүргізіліп, 12 миллион теңге сомасына айыппұл салынды және 8 зертхананың аккредиттеу аттестаттары тоқтатылды. Аккредиттеу жөніндегі орган 11 зертхананың аккредиттеу аттестаттарын кері қайтарып алды. Еуразиялық экономикалық одақтың сәйкестікті бағалау жөніндегі органдардың бірыңғай тізілімінен 3 зертхана алынып тасталды”, - деп жазылған хабарламада.
Арман Шаққалиев мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі үйлестірудің және өнім қауіпсіздігін бақылауды күшейтудің маңыздылығын атап өтті. Бұл шаралар Қазақстан Республикасының аумағында да, жалпы ЕАЭО шеңберінде де тауарлардың сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.