Қазақстанда биыл ажырасулар саны күрт қысқарды

0
939

​Ажырасуларға жол бермеуге бүкіл қоғам – ағайын, көрші-қолаң болып күш салатын Өзбекстанның тәжірибесі Қазақстанға жарай ма?


Қазақстанда биыл ажырасулар саны күрт қысқарды

ERNUR.KZ. Бес өңір ажырасуды рекордтық азайтты Республикада биыл ойран болған отбасылардың саны күрт азайып отыр. Мұны Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының дерегінен байқаймыз, деп жазады inbusiness.kz.

Атап айтқанда, Қазақстан халқының жалпы ажырасулар коэффициенті биыл біраз жақсарыпты. Мысалы, бұл көрсеткіш 1 мың адамға шаққанда 2020 жылғы қаңтарда – 2,92, былтырғы бірінші жартыжылдықта, яғни қаңтар-маусымда – 1,37 ажырасу дерегін құраған. Ал биылғы жылғы қаңтарда бұл – 0,81-ге, биылғы алты ай қорытындысында – 1 ажырасуға дейін құлдырады. Мұндай құлдырауға тек қуануға болады. Бұл тарихи жақсы жетістіктерінің бірі! Одан асқан ғаламат көрсеткішке жеткен өңірлер бар. Мысалы, ажырасулар коэффициенті әрбір мың адамға шаққанда бір жыл ішінде Түркістан облысында – 1,54-тен 0,24-ке дейін, Қызылорда облысында – 3,12-ден 0,40-қа дейін, Шымкент қаласында – 2,11-ден 0,66-ға дейін, 2,29-дан 0,69-ға дейін, Атырау облысында – 1,81-ден 0,68-ге дейін, Батыс Қазақстан облысында – 2,85-тен 0,71-ге дейін кеміді. Ажырасулар саны қалалықтар арасында жоғары, әйткенмен, биыл қалада да бұл салада жағдай жақсарды: мың қала тұрғынына шаққанда 1,70-тен 1,31-ге дейін кеміді.

Ауылдықтар қазіргі қиын шақта ірге сөкпей, ұйымшылдықты, отбасыны сақтауға тырысатын көрінеді: нәтижесінде, ажырасулар коэффициенті биылғы жартыжылдықта былтырғы сәйкес кезеңге қарағанда ауылда 0,89-ден 0,56-ке дейін азайды.

Осы көрсеткішті ары қарай төмендетуге мемлекет мүдделі болуға тиіс. Тіпті оны стратегиялық міндет ретінде белгілесе жөн. Өйткені демография қарқынын ажырасулар шектейді. Әрбір үшінші отбасы күйрейді Әзірге Қазақстанда жаңа шаңырақ көтерген отаудың әрбір үшіншісі ойран болады. Мысалы, 2010 жылы 146 443 неке тіркелген, 41 617-сі айырылысқан. 2011 жылы бұл көрсеткіш тиісінше, 160 494 және 44 862-ні, 2012 жылы – 164 681 және 48 513-ті, 2013 жылы – 168 447 және 51 482-ні, 2014 жылы – 159 328 және 52 673-ті, 2015 жылы – 148 769 және 53 293-ті, 2016 жылы – 141 702-ні және 51 993-ті, 2017 жылы –141 791 және 54 626-ны, 2018 жылы – 137 797 және 54 797, 2019 жылы – 139 504 және 59 796-ны құрады.

Пандемия алғаш қыспаққа алған 2020 жылы – 128 839 неке бекітіліпті. 48 002 неке бұзылған. Атап өтер жайт, Қазақстандағы некелер коэффициенті де көз қуантады. Бұл көрсеткіш былтырғы жылы 1 мың адамға шаққанда небары 4,83 некені құраған еді. Осы жылы күрт көбейіпті: 6,89-ге дейін жетті! Бірқатар өңірдің жетістіктері бұдан да үздік: Нұр-Сұлтанда өткен жылдан бері көрсеткіш – 5,55-тен 9,18-ға дейін, Алматы қаласында – 5,52-ден 8,38 некеге дейін, Атырау облысында – 5,18-ден 7,98-ге дейін, Маңғыстау облысында – 5,21-ден 7,85-ке дейін, Шымкент қаласында – 4,76-дан 7,31-ге дейін, Қызылорда облысында – 4,78-ден 7,10-ға дейін, Түркістан облысында – 5,19-дан 7,05-ке дейін өсті.

Дегенмен, әлгінде айтылғандай, ажырасулар үлесі бәрібір жоғары болып тұр. Осы орайда әлеуметтанушы Саят Оспан көрші Өзбекстаннан үлгі-өнеге алуды ұсынады.

«Қазақстанда айырылысу туралы шешімді көбіне жастар өз бетінше қабылдап жатады. Олар ата-аналарымен ақылдаспайды. Бұл – бір жағы. Екінші жағынан, елімізде ата-енелер ұлына өзіне ұнамаған келінді тастатқызуға бастамашы болатын жағдайы аз кездеспейді. Демек, ата-аналармен де бұл бағытта жұмыс жүргізген жөн сияқты. Мысалы, көрші өзбек елінде отбасынан кетіп, соқа басы қалған еркектер де, жалғызілікті әйелдер де қоғамда құрметтелмейді. Егер әлдекім айырылысуға шешім қабылдаса, ата-анасы, туыс-туғаны, тіпті махалля ақсақалдары оны бұл ниетінен айнытуға барынша күш салады», – дейді маман.

Жалпы, ажырасуларға түрткі болатын басты факторлар қатарына жастардың отбасы құруға дайындықсыз келуі, бала көтере алмау, денсаулықпен байланысты проблемалар, қайын ата-қайын ене, қайнаға немесе көңілдес секілді өзге үшінші тұлғалардың отбасының ішкі ісіне қол сұғып, залалын келтіруі аталды.

Жас отбасыға – жеңіл ипотека мен автокредит Әлеуметтанушының мәліметінше, Өзбекстанда арнайы бағдарлама әзірленген. Ол бойынша әйел мен ер адам отау құрмас бұрын «отбасылық өмірге дайындық» курсынан және репродуктивті денсаулық проблемаларын анықтайтын медициналық тексеруден өтуге міндеттелмек. Себебі, ажырасатын жұптардың көбі оған себеп ретінде жұбайлардың бірінің бедеулігін атайды.

Өзбекстан Үкіметі некеге тұруды ынталандыру үшін жас жұбайларға жеңілдікті тұтынушылық, ипотекалық несие және автокредиттер беру жобаларын қолға алуда. Осы арқылы жас отбасылардың алғашқы 3 жылдағы материалдық әл-ауқатын арттыруға мемлекеттік қолдау көрсету жоспарланып отыр. Өйткені айырылысулардың үлкен бөлігі осы 3 жылдың еншісіне келеді екен. Ажырасуларға тосқауыл қою үшін Өзбекстан Үкіметі алименттік құқықты күшейтуде.

Атап айтқанда, ерлі-зайыптылар некені бұзу туралы өтінішпен сотқа жүгінгенде, судьялар міндетті түрде алимент төлеу туралы шешімді қоса шығаратын болады. Ал алиментін төлемейтін адамдар мәжбүрлі қоғамдық жұмыстарға тартылады, олардың жүргізуші куәлігі алып қойылып, көлікті басқару құқығы уақытша шектеледі. Негізі, махалляларда психологтарды тарта отырып, отбасылық өмірге дайындықтың қысқа мерзімді курстарын өткізуді, сондай-ақ «Үлгілі отбасы» (біздегі «Мерейлі отбасының» баламасы) байқауын ұйымдастыруды Президент Шавкат Мирзиёев ұсынған болатын. Дегенмен, осы мәселеге қатысты пікір білдірген Президенттің үлкен қызы, Ұлттық масс-медианы қолдау және дамыту қоғамдық қоры қамқоршылар кеңесі басшысының орынбасары Саида Мирзиёева ұзақ жыл күйеуінен қорлық көрген әйелдерге азаттық беру орнына «бітімге келумен» жазалауға болмайтынын мәлімдеді. Ол Мустахкам Вахобованың оқиғасына назар аудартты: Самарқандқа келін болып түскен Мустахкамды күйеуі 8 жыл бойы соққыға жығып келген. Ал туыс-туғандары ара түсу орнына оны үнемі төркінінен үйіне оралуға көндірумен болған. Әйелін қорлап, мұқату үшін ері бірде оны жөргек-памперстегі бала нәжісін жеуге мәжбүрлепті. Жас келіншекті сабау көрінісі әлеуметтік желіде жарияланып, қоғамның ашынысын туғызғаннан кейін 36 жасар жергілікті тұрғын Шехроз Каримов қамауға алынып, былтырғы желтоқсанда 6 жылға сотталды. Отау «түрмеге» айналған жағдайда ажырасу шынымен де азаттыққа қол жеткізумен тең болса керек.