Дүкенде сатылатын темекі өнімдерінің тізімі мен бағасы қағазға жазылып, ілініп тұруға тиіс.
ERNUR.KZ. Бүгіннен бастап темекі өнімдерін дүкен сөрелеріне шығаруға тыйым салынды, деп жазады sputnik.kz.
Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекске енгізілген өзгерістерге сәйкес, қораптағы темекіден бөлек қорқорға арналған темекіні, қорқор қоспасын, темекіні қыздыратын жүйелерді де сөреге қоюға болмайды.
Дүкенде сатылатын темекі өнімдерінің тізімі мен бағасы қағазға жазылып, ілініп тұруға тиіс. Онда барлық өнім алфавит тәртібімен жазылады. Ал қағаздың жалпы көлемі 40х30 сантиметрден аспауға тиіс. Сурет салуға тыйым салынған.
"Сауда нысанына келген тұтынушы тізімді көріп, қажетті өнімді сұраса ғана қораптағы темекіні, қорқорға арналған темекіні, қорқор қоспасын, темекіні қыздыруға арналған жүйелер мен қыздырылатын темекісі бар заттарды көрсетуге рұқсат етіледі", - дейді мамандар.
Айта кетейік, Қазақстанда электронды темекілер, темекіні қыздыруға арналған жүйелер мен қорқорлар кәдімгі темекі өнімдеріне теңестірілген. Оны 21 жасқа толмағандарға сатуға тыйым салынған.
Бұдан бөлек, бүгіннен бастап темекінің бағасы 520 теңгеге дейін көтеріліп отыр. Осыдан бастап темекі алты ай сайын қымбаттайды.