Ломбардқа сақина немесе сырға секілді бұйымдарын кепілге қойып, төлемді кешіктірген азаматтар енді банктен несие ала алмауы мүмкін.
Фото: freepik.com
ERNUR.KZ. Ломбардқа алтын бұйымын кепілге қойып, төлемді кешіктірген азаматтар енді банктен несие ала алмауы мүмкін. Себебі мұндай қарыздар кредиттік бюрода тіркеліп, адамның несие тарихына тікелей әсер етеді. Ал қаржы ұйымдары қарыз жүктемесі жоғары клиенттерге сақтықпен қарайды, деп жазады stan.kz.
Ломбардқа сақина немесе сырға секілді бұйымдарын кепілге қойып, төлемді кешіктірген азаматтар енді банктен несие ала алмауы мүмкін. Себебі ломбардтар қарыз алушы туралы мәліметті кредиттік бюроға ұсынуға міндетті. Бұл өз кезегінде берешектің адамның несие тарихына тікелей әсер ететінін білдіреді. Осылайша, қарыз жүктемесі жоғары азаматтарға банк несие беруден бас тартуы ықтимал.
Ломбард та микронесие ұйымы саналады. Алайда мұны көп тұтынушы біле бермейді. Көп жағдайда азаматтар кепілге қойылған бұйым арқылы алынған қарыздың несие тарихына әсер ететінінен бейхабар. Сондықтан олар төлемді уақытында өтеудің орнына, кепілді сақтау мерзімі аяқталғанша созып жүреді. Ал кейін ломбард алдында өтелмеген берешегі болғаны үшін банк несие беруден бас тартқанда таңғалып жатады.
Ал қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өкілдері ломбард алдындағы қарыз несие алуға тікелей тыйым салмайтынын айтады. Дегенмен кез келген банк несие берер алдында тұтынушының төлем қабілетін жан-жақты тексереді. Яғни азаматтың табысы, шығысы және жалпы қарыз жүктемесі толық есепке алынады.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Банктік емес ұйымдарды реттеу департаментінің бас маманы Айбек Айтақовтың айтуынша, егер ломбардқа өткізілген алтын бұйым берілген мерзімде қайта алынбаса, өтелмеген қарыз ретінде есепке алынады.
"Егер ломбардтағы қарыз уақытылы өтеліп отырса және мерзімі өткен берешегі болмаса, несие мақұлдау ықтималдығы сақталады. Ал кешіктірілген немесе өтелмеген қарыздар тәуекел факторы ретінде бағаланады", – деді Айбек Айтақов.
Сондай-ақ ломбард берген қарызын, өтеу тәртібі мен мерзімі өткен берешектер жайлы барлық ақпарды кредиттік бюроға ұсынуға міндетті деді агенттік өкілі. Ал ол дерек жүйеде кемінде бес жыл сақталады. Сәйкесінше, борышын кешіктіріп не өткізген бұйымын сол күйі сатып алмаған адам кредит рәсімдеу мүмкіндігінен айырылмақ.
Еске салайық, бұған дейін 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы микрофинанстық ұйымдар 49 миллиард теңге таза табыс тапқанын жазған едік. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 50,6%-ға төмендеген.


