Қазақстанда енді несиесі бар отбасылар атаулы әлеуметтік көмектен қағылады

0
356


Қазақстанда енді несиесі бар отбасылар атаулы әлеуметтік көмектен қағылады

Фото: URA.RU
ERNUR.KZ. Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) тағайындау тәртібіне жаңа өзгерістер енгізілмек. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, енді несиесі бар отбасылардың жәрдемақы алу мүмкіндігі қарыз көлеміне қарай шектеледі, деп жазады Stan.kz.


Жаңа ережеге сәйкес егер жан басына шаққандағы жиынтық қарыз сомасы екі еселенген ең төменгі күнкөріс деңгейінен асса, мұндай отбасы АӘК алу құқығынан айырылады.

Мысалы, төрт адамнан тұратын отбасы 2 миллион теңге көлемінде несие рәсімдесе, бұл сома алдымен үшке, кейін төртке бөлінеді. Осылайша жан басына шаққандағы борыш шамамен 166 мың теңге болады. Бұл көрсеткіш ең төменгі күнкөріс деңгейінен әлдеқайда жоғары болғандықтан, отбасы жәрдемақы ала алмайды.

Сонымен қатар министрлік өкілі Шыңғыс Шәкiлдің айтуынша, отбасылар тұрғын үй мақсатындағы депозит ашып, ақша жинай алады, бұл табыс ретінде есептелмейді.

"Отбасына есептегенде 200 айлық есептік көрсеткіштен (786 400 теңге) асатын банктік салымдардың немесе депозиттердің болуы ескеріледі. Бірақ тұрғын үй құрылыс жинақ салымдары табысқа қосылмайды. Бұл мәліметтер азаматтардың материалдық жағдайын әділ бағалауға мүмкіндік береді", – деді әлеуметтік көмек департаментінің бас сарапшысы Шыңғыс Шәкiл.

Жаңа тәртіп әлеуметтік көмекті тек шынымен мұқтаж азаматтарға бағыттауды көздейді.