Қазақстанда «Ерте жастан еңбекке және кәсіпке баулу» пилоттық жобасы іске қосылды

0
350

Қазақстанда мектепке дейінгі ұйымдарда «Ерте жастан еңбекке және кәсіпке баулу» пилоттық жобасы жүзеге асырылып жатыр.


Қазақстанда «Ерте жастан еңбекке және кәсіпке баулу» пилоттық жобасы іске қосылды

ERNUR.KZ. Жоба 2026 жылдың қаңтар айынан бастап ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен іске қосылды. Жобаның негізгі мақсаты – мектеп жасына дейінгі балалардың мамандықтар әлеміне қызығушылығын арттыру, еңбекке деген оң көзқарасын қалыптастыру және түрлі іс-әрекет арқылы олардың жеке қабілеттерін дамыту, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

Пилоттық жобаға еліміздің 20 өңірінен 100 мектепке дейінгі ұйым қатысуда. Жоба аясында балабақшаларда балаларға арналған арнайы тәжірибелік бағыттар ұйымдастырылады. Олардың қатарында: зергерлік, аспаздық, тігінші, инженерлік зертхана, құрылыс алаңы, жылыжай және бау-бақша алаңы, қолөнер шеберханасы бар.

Бұл алаңдар арқылы балалар еңбек түрлерімен танысып, шығармашылық және практикалық дағдыларын дамыта алады.Пилоттық жобаны іске асыру үшін «Ерте жастан кәсіпке және еңбекке баулу» әдістемелік ұсынымдары мен нұсқаулықтары, сондай-ақ арнайы іс-қимыл жоспары әзірленді.

Жоба шеңберінде мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес түрлі танымдық және тәжірибелік іс-шаралар өткізу жоспарланып отыр. Мамандардың айтуынша, бұл бастама балалардың еңбекке құрметпен қарауын қалыптастырып қана қоймай, олардың шығармашылық әлеуетін дамытуға және болашақ мамандықтар әлеміне қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.