Қазақстанда құқық қорғау органдарының қызметкерлерін детектормен тексереді

0
174

Қаулы жобасы порталда 14 ақпанға дейін талқыланады.


Қазақстанда құқық қорғау органдарының қызметкерлерін детектормен тексереді

Фото: Azattyq Rýhy/Әсет Құндақбаев

ERNUR.KZ. Қазақстанда құқық қорғау органдарының қызметкерлерін басшы лауазымға тағайындар алдында өтірікті әшкерелейтін детектормен тексеру ұсынылды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Бас прокуратура «Құқық қорғау қызметі туралы» заңға тиісті өзгерістер енгізуді ұсынған.

«Құқық қорғау органдарының, азаматтық қорғау органдарының, мемлекеттік фельдъегерлік қызметінің қызметкерлері жоғары тұрған басшы лауазымдарға ұсынылған кезде (аттестаттау немесе жоспардан тыс аттестаттау немесе жоғары тұрған басшы лауазымға конкурс аясында) полиграфологиялық зерттеуден өтеді», - делінген «Ашық НҚА» порталында жарияланған құжатта.

Полиграфиялық зерттеу мыналарды анықтайды:

  • құқық қорғау органдарында қызмет етудегі жасырын теріс себептер (тыйым салынған қоғамдық бірлестіктерге, қылмыстық және террористік ұйымдарға жұмыс істеу);
  • есірткіге тәуелділігін, психотроптық, психикалық және физикалық тәуелділік туғызатын өзге де психоактивті заттарды тұтынып-тұтынбайтынын;
  • құқық қорғау органдарында, азаматтық қорғау органдарында, мемлекеттік фельдъегерлік қызметінде қызметін толыққанды өткеруге кедергі келтіретін жасырын сырқаттарын, өз-өзіне қол жұмсауға бейімдігін;
  • табысы туралы, мүлкі және мүліктік сипаттағы міндеттемелері, қос азаматтығының бар екені туралы мәліметтерді жасыруын немесе бұрмалауын;
  • сыбайлас жемқорлық жасау, бөгде адамдарға құпия немесе қызметтік ақпарат беру фактілерін;
  • қылмыстық, сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық жасағаны үшін жауапқа тарту фактілерін;
  • тыйым салынған қоғамдық бірлестіктермен, қылмыстық және террористік ұйымдармен қатынас жасауын немесе егер бұл бұрын олардың қызметтік міндеттемелеріне кірмесе, коммерциялық құрылымдарға қатысуын;
  • қызметтік өкілеттігін теріс пайдалану фактілерін.

Құқық қорғау, азаматтық қорғау органдарына, мемлекеттік фельдъегерлік қызметке (құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарына оқуға) қабылданатын азаматтардың полиграфиялық зерттеу қорытындысы бір жыл қолданылады.

Ал жоғары тұрған басшы лауазымдарға ұсыну кезінде өткізілетін тексерістің қорытындысы үш жыл күшінде болады.

Қаулы жобасы порталда 14 ақпанға дейін талқыланады.